• Рабига Абдикеримова

    Журналист

  • 27 октября 2014

Ауытқудан құлдырауға дейiн

 

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов, мұнай бағасының төмендеуі мен ресейлік рубльдің әлсіреуіне қатысты қалыптасқан жағдайды «алаңдауға тұрарлық» деп сипаттағанымен, «бірақ бұл ақпан айындағы біздің шешімімізге ықпал ететіндей соншалықты күрделі жағдай емес» дегенді де ескертті. Бас банкир соңғы бекітілген 1 АҚШ долларына 170/188 теңге шамасындағы ауытқу бағамын «тепе-тең» деп түсіндірді. Айта кетейік, бүгін яғни 2014 жылдың 27 қазанындағы теңгенің АҚШ долларына шаққандағы ресми бағамы 180, 87 теңге.

Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың басында Ұлттық банк теңгенің америкалық долларға шаққандағы айналым бағамын 150 теңге -1 АҚШ доллары деңгейінде ұстап тұрудан бас тартатынын мәлім еткен-ді. Бас банк валюталық интервенциялар ауқымын шектеу жөнінде және нарық ішіндегі валюталар бағамының қалыптасуына араласуды тежеу тұрғысында шешім қабылдағанын ескертті. Артынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 1 АҚШ долларына – 185 теңге және қосымша 3 теңге (алып/қосылады) деген деңгейде тұрақталды. Алайда, қыркүйек айында Ұлттық банк бұл көрсеткішті 185 теңге +3/-15 теңгеге дейін кеңейтті.

Ал теңгенің ресейлік рубльмен қарым-қатынасына тоқталсақ, 27 қазандағы ресми бағам 4, 32 теңге деңгейінде. Жалпы, теңге/рубль көрсеткішіндегі әу бастан үйреншікті бағам 1 рубльге 4,5-5,5 шамасында болатын. Дегенмен, кей сарапшылардың болжамынша, Батыс елдері тарапынан солтүстік көршімізге қатысты енгізілген санкциялар екпіні бұл бағамға өзіндік түзетулер енгізуі әбден мүмкін.

«Рубль мен теңге арасындағы ауытқулар, ұлттық валюта бағамының төмендеуі – Ресей нарығына шығып жатқан біздің экспорттың бәсекелестік қабілетін біршама төмендетіп жіберді, - деп әңгімелейді Centras Securities компаниясының басқарма төрағасы Талғат Қамаров. - Бірақ, меніңше, алаңдаушылық туғызып отырған мәселе – Кеден одағы елдері арасындағы тауар айналымының 9%-ға төмендеп кетуі. Мұның бір себебі деп қазір КО мүшелерінің экономикалық басымдықтарының ауысуын алға тартуда. Мысалға, біздің еліміз үшін басымды бағыт – импорт алмастыру тұрғысында өрбіп отыр. Статистикалық агенттік мәліметтері бойынша, биылғы бірінші жарты жылдықтағы өзара сауда ауқымының төмендеуі тыңайтқыш заттар мен мұнай және мұнай өнімдеріне, машиналар мен құрал-жабдықтарға қатысты көрініс берген. Айталық, ішкі бөлшек саудадағы мұнай өнімдері бағасын тұрақтандыру барысында Ресейден келетін импорт ауқымы төмендеп кеткен. Әйтсе де, екі ел валютасы бағамдарындағы ауытқуларға қарамастан, статистикалық мәліметтер көрсетіп отырғандай, біздің елдеріміз өзара сауда аясын әртараптандыруды қолға алған. Яғни, жалпы тауар айналымы бойынша алғанда, бағамаралық тәуекелдерді өзара сауда үлесі есебінен азайтуға болады деген сөз».


Сарапшы маманның пікірінше, рубльдің әлсіреуіне қазір мұнай бағасының төмендеуімен қатар, АҚШ және Еуроодақ елдерінің Ресейге қатысты қолданған сауда-экономикалық қысым шаралары да ықпал етуде. «Егер Ресейге қатысты жаңа санкциялар енгізілмесе, онда бағам көрсеткіші ағымдағы деңгейде қалып, мүмкін, тіпті біртіндеп күшеюі де ықтимал (рубльдің доллар мен еуроға қатысты сатылымдары есебінен). Ал жағдай әрі қарай шиеленісіп жатса, онда 1 АҚШ долларына 43-45 рубль немесе 1 рубльге 4,0-4,2 шамасында келуі мүмкін», - дейді Қамаров мырза. Ол сондай-ақ, егер Батыс елдері өз капитал нарықтары мен технологияларын Ресей үшін қайта ашқандай болса, онда рубльдің бағамы  «мұнайдың қазіргі бағасы аясында бір долларға 35-37 рубль немесе 1 рубльге 4,9-5,2 теңге шамасында қайта қалыптасуы мүмкін» деген де болжам айтады. Айтқандай-ақ, РФ Орталық банкінің 27 қазанға белгілеген ресми бағамын 1 АҚШ долларына 41.8101 рубль деп көрсетеді ресми дерек көздері.

Ал «ФИНАМ» инвестициялық холдингінің сарапшысы Антон Сороко болса, рубльдің құлдырауы «Ұлттық банк саясатына қандай да бір өзгеріс әкеле қоймайды» деген пікірде. «Ақпан айындағы девальвациядан кейін теңгенің сауда диапазоны тарыла түсті. Ұлттық валютаның арзандауы ішкі өнім өндірушілерге өндірістік қуаттарын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Сол сияқты, Қазақстанның басты салық төлеушілері экспортқа байланған өнеркәсіп ошақтары екенін ескерсек, ел бюджетінің жиналуына да қолайлы жағдай қалыптасуда. Қазір теңге бағамына сырттан қысым жасалып жатқан жоқ, ендеше рубльдің құлдырауынан айтарлықтай бір өзгеріс бола қоймайды», - дейді ол.

Ұлттық банктің теңгенің ауытқу аясын кеңейту жөніндегі шешімін, сарапшы маман «бірқатар факторларға қатысты туындап отыр» деп түсіндіреді. «Бірден айта кетейін, ашық нарық ішінде ешкім де интервенция жасауға бармайды, өйткені девальвациядан кейін бұл шара мүлдем қисынсыз. Ұлттық банкке теңгені тағы бір мәрте әлсіретудің қажеті жоқ, өйткені бұл инфляцияға кері әсер етіп, халықтың қолындағы ақшаға салмақ салуы мүмкін. Үйлестіруші орган теңгеге деген сұранысты жақсы біледі деп ойлаймын, сөйтіп саудагерлерді сауда-саттыққа ынталандырып отырса керек. Ауытқу аясы неғұрлым кең болса, валюталық келісімдердің табыс әлеуеті де соғұрлым жоғары болады», - дейді бұл тұрғыда Антон Сороко.

Рабиға Әбдікерім, Дәрия Кемер

  • Нравится

Комментарии к статье (0)

чтобы оставить комментарии.

Статьи по теме

  • Келешекке нық қадаммен

    Ел теміржолындағы реформалық өзгерістер «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамын да айналып өтпеді.

  • Кадеттер теңiзге шығуға дайын

    «Өкінішке қарай, теңіз саласына қатысты жоғары білікті мамандар жергілікті тұрғындар арасында тапшы. Әрине, жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ алып кемеде инженер болып еңбек ете алатын маман табу қиын...».

  • Болашақ бүгiннен басталады...

    Бүгінде мектептердегі кәсіби машықтандыру барысы педагогикалық үрдістің бір бөлігі болудан қалған. Өкінішке қарай, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандық не кәсіп таңдауда ерік-жігері мен мақсат-мүддесі мүлдем айқындалмаған.

  • Кiшкентай Әсемге шұғыл көмек қажет

    2015 жылдың қоңыр күзінде Екібастұзда тұратын Ахметжановтар отбасы ортаншы қыздары Әсемнің нефробластома, яғни бүйректің қатерлі ісігі дертіне шалдыққанын естіді. Тату-тәтті, бақытты отбасының өмірі дәрігерлердің диагнозынан кейін күрт өзгереді. 5 жасар Әсем шұғыл түрде Астанадағы Ұлттық Ана мен бала орталығына жатқызылып, химия терапия курсынан өте бастады...

  • Химия – «жасыл экономиканың» қозғаушы күшi

    «Жасыл экономика» жобасы аясында қазақ ғалымдары да бірегей ізденістерінің нәтижесін паш етіп, әлем елдерін тұрақты энергия көздерін басқаруды қамтамасыз ету мәселелерін бірлесе шешуге шақыруда.

  • «Тәуелсіздікті жырлаймын!»

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қазақ радиосында» «Шеврон» компаниясы мен WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты поэтикалық жоба жүзеге асырылуда.

  • Болашаққа нық сенiммен!

    Соңғы кездері жағдайы бар ата-аналар да кәсіптік білім беру мәселесіне қатысты бұрынғы көзқарастарын өзгерткен. Балалардың өздері де қандай да бір кәсіптік мамандықты игеріп, «онымен өзімді, отбасымды асырай алсам» деген оймен кәсіптік білім беру колледждеріне көптеп келіп жатыр...

  • Экономикалық iркiлiстен технологиялық өрлеуге дейiн

    Ұдайы күрделі жөндеуге тоқтатылатын ел ішіндегі мұнай өңдеу зауыттары технологиялық тұрғыдан жаңартылу аясында отандық ғалымдардың ізденістері мен пікір-ойына ара-кідік құлақ асып жатса, артық болмас еді...

  • Тарих тәжiрибенi кешiрмейдi...

    "Қазақстанда тарих пәні төңірегінде тәжірибе жүріп жатыр. Жоғарғы оқу орындарының бір бөлігі Қазақстан тарихын қысқартылған нұсқада оқуға көшті. Біз, тарихшылар мұнымен келіспейміз...".

  • Елена Никитина: Бақытты болғыңыз келе ме?

    Ана сүті бала үшін де, ана үшін де маңызды. Бұл мемлекет үшін де тиімді. Неге біз Швейцария, Германия немесе Ресейден сүт қоспасын алу үшін қаражат шығындауымыз керек?..