• Рабига Абдикеримова

    Журналист

  • 20 сентября 2014

Солтүстік пен Шығыстан көш келеді...

 

Қазақстан халқының саны арта түскен. 2014 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша елімізде 17 млн 330,5 мың адам бар деп көрсетті ресми статистика. Бірақ сол статистикалық мәліметтерге тереңнен үңілсек, еліміздің кей аймақтарында жұрттың қоныстануы біртіндеп сирей бастаған. Мысалға, биылғы жылдың 8 айында Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындар саны 573,3 мың адамға азайған.

Сол сияқты, соңғы 10 жылда Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында да халық саны ептеп сиреген. Бұл мәселеге жіті көңіл бөлу қажеттігін депутат Нұртай Сабильянов алға тартқан болатын. Қазір жұрт ауылдар мен шағын қалаларды тастап, ірі қалаларға үдере көшуде. Ел ішіндегі халықтың әрі-бері ығысып, қоныс аударуына басты себеп не? Жалпы, экономикалық белсенді дейтін жұрттың бір өңірден екінші өңірге жағалай көшуі ел экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? ISKER.KZ сарапшылар талқысына салған мәселе осы тұрғыда өрбіді.

Бей-берекетсіз қоныс аудару салдарында жекелеген өңірлерде мектептер жабылып, жұмыс қолы жетіспеушілігіне, одан қалды, тұтас бір елді мекеннің жойылуына апарып соғуы әбден мүмкін. Бұл, әрине, облыс аумағындағы өндіріс пен кәсіпкерлік  қызметтің әлсіреуіне алып келмек. Ендеше, ел ішіндегі көші-қон мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды деген сөз. Сондай-ақ, Алматы және Астана сынды ірі қалаларда шоғырланған бизнес атаулының аймақтық кәсіпкерлікке көңіл аударуына жағдай жасау керек. Оларды ынталандыру керек. Тұрмыс-жағдайы жақсарып, дамып жатқан өңірлердің тәжірибесін миграция шырмауынан шыға алмай отырған облыстарға енгізіп, жергілікті халықты үйрету мәселесі тағы бар. Мысалға, бір ғана Алматы облысының өзінде ел ішін жұмыспен қамтып отырған индустрия және өнеркәсіп ошақтары баршылық. Бүгінде облыс аумағындағы 5 өндіріс аймағында  әр түрлі салаға негізделген 67 кәсіпорын бар.


Сарапшы қауымның айтуынша, ел ішінің әрі-бері үдере көшуіне себепші болып отырған ең басты мәселе – әлеуметтік  сипаттан туындаған. Бірақ ептеген саяси идеологиялық реңк те жоқ емес. Республика аймақтарының әлеуметтік әлеуеті мен алдағы мүмкіндіктері тұрғысында ой бөліскен отандық сарапшылардың пікірі төмендегідей.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

- Еліміздің қай түкпірінен болса да Алматы мен Астанаға қоныс аударушы жұрттың саны басылар емес. Ең басты себеп – жекелеген өңірлерде әлеуметтік мәселелер шаш етектен, халық өз болашағына сенім артып отырған жоқ. Жұрт, ең алдымен, балаларының болашағын ойлап, осы екі қалада тұрақтанып қалуды көздейді. Өкінішке қарай, үкіметтің қолында еліміздің әр өңірінің өзіндік ерекшелігін есепке алып, әзірленген саясат жоқ. Сондықтан да көптеген өңірлер әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамусыз қалып отыр. Жалпы, бізде облыстарды қаржыландырудағы басымдылық субъективті факторларға келіп тіреледі. Президентке жекелеген бір өңірге қатысты іргелі де өзекті мәселені қай лауазым иесі жеткізіп бере алады деген тұрғыдағы. Ал қазір бізге Астана мен Алматыға қаржы құюды тоқтатып, өзге де өңірлерге көңіл бөлу керек. Астана әу бастан саяси жоба болған. Ол енді өз кемеліне жетті. Алматыға құйылып жатқан қаржы да жеткілікті – мұнда қазір сауда-сауық кешендерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Енді бірқатар өңірлерді қалыпқа келтіру жөнінде арнайы бағдарлама қабылдау қажет. Сол сияқты біз қазір шикізат саласындағы шетелдік инвесторларға оңды-солды жеңілдіктер жасап отырмыз. Ендеше, ауылдық жерлерде, депрессивті өңірлерде кәсіп бастап, бизнес жүргізуге әзірлік танытқан кәсіпкерлерге сондай жеңілдіктерді неге жасамасқа? Мысалға, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеп, тауар өндіруге бет бұрғандарға, айталық, үш жыл орамында салық салынбаса – бұл тұтастай сол өңірге де, сол өңірдің бизнесіне де шынайы көмек болар еді.

Сергей Акимов, саясаттанушы:

- Байқасаңыз, бүгінде халық саны азая түскен өңірлерде негізінен славян текті ұлт өкілдері тұрып жатыр. Ең алдымен, орыс ұлтының өкілдері, олар, біріншіден, шет елдерге қоныс аударуда, екіншіден, оларда демографиялық көрсеткіш төмен. Ал бұл өңірлерге, яғни солтүстік және шығыс облыстарға оралмандар аса көп бара бермейді, олар әдетте оңтүстік және батыс облыстарда тұрақтап қалады. Бұл мәселенің кем дегенде екі шешімі бар. Билік идеологиялық тұрғыдан бір шешімге келуі тиіс. Не үдере көшкен халықты ұстап қалу бағытында, яғни олардың сол аймақтардан қоныс аударуына себеп болып отырған субъективті факторлардың алдын алуда мақсатты жұмыс жүргізіп, олар үшін ыңғайлы жағдай жасау. Не болмаса осы өңірлердегі негізгі тұрғындарды алмастыру саясатына түпкілікті көңіл бөлу деген тұрғыда. Статистикаға жүгінсек, оралмандар жұмыс қолы жетіспей жатқан Солтүстік және Шығыс облыстарына барғысы келмейді, өйткені олар бұл өңірлерде өздерін жайсыз сезінеді. Бұл арада тіл мәселесі де, өзге де себептер жетіп асады. Қазір біздің мемлекет екі жақты стратегия ұстанып отыр: біз бұл өңірлерде орыстарды да ұстап қалғымыз келеді және қазақтардың санын да арттырсақ дейміз. Тағы бір мәселе кадр тапшылығы дегенге келіп тіреледі. Бірақ, меніңше, бұл тым асыра айтылған проблема. Егер біз жұмыс істеп жатқан азаматтардың көрсеткішіне назар аударсақ, олардың үштен бірі өз-өзін жұмыспен қамтығандар. Ал шындап келгенде олардың 70%-ның тұрақты жұмысы жоқ деген сөз. Жұмысшылар бар, бірақ біліктілігі жоғары арзан жұмыс қолы жоқ. Инвесторлар осындай жұмыс күшін іздейді. Яғни, мәселе халық санына емес, жұмыс күшінің сапасы дегенге келіп тіреледі. Ендеше, алдымен осы мәселені шешуге тырысу керек. Ал инвесторлар тарту дегенде еңбекақы деңгейінің төмендігі мысал бола алады. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында өңдеу саласына және агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция бағытталуда. Ал бұл облыстағы жалақы көрсеткіші еліміз бойынша ең төмен екенін ұмытпайық.

Төлеген Асқаров, экономикалық сарапшы:

- Меніңше, ішкі миграцияны біз өзіміз ынталандыру керекпіз. Мысалға, оңтүстіктен – солтүстікке және шығыс өңірлерге қарай. Облыстарда, сондай-ақ өндіріс ошақтарын ашып, дамыту керек. Бұл үшін, әрине, мемлекеттік ынталандыру шаралары – субсидиялар мен жеңілдетілген ипотека, т.т. керек. Жалпы, бізде ішкі миграция мәселесі мүлдем дұрыс қадағаланбай отыр. Ал облыс аймақтарына шетелдік инвесторларды тарту оңай шаруа емес, сондықтан да жеке секторды ынталандыруды қолға алу керек. Бұл арада салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттің қолдауы қажет. Мысалға, солтүстікте бизнес ашуға оңтайлы жағдай жасалса, оңтүстіктің кәсіпкерлері өз компаниясын сонда жандандыруға қызығушылық танытуы әбден мүмкін. Бұл арада көрші Ресейдің трансұлттық компаниялар бағдарламасына жүгінуге болады. Қазір бізде ұлттық компаниялардың кеңселері Елордада орналасқан, ал олардың өндіріс орындары астанадан алшақ жатыр. Айталық, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының орталық кеңсесін еліміздің шығысында ашқан дұрысырақ. Мұндай жағдайда аймақ бюджеті толасып, жаңа жұмыс орындары ашылған болар еді. Меніңше, компания қызметкерлері үшін бұл айтарлықтай қиын мәселе емес. Білікті маман қай жерде жұмыс болса, сонда барады емес пе...

Рабиға Әбдікерім, Рахымбек Асанов

  • Нравится

Комментарии к статье (0)

чтобы оставить комментарии.

Статьи по теме

  • Келешекке нық қадаммен

    Ел теміржолындағы реформалық өзгерістер «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамын да айналып өтпеді.

  • Кадеттер теңiзге шығуға дайын

    «Өкінішке қарай, теңіз саласына қатысты жоғары білікті мамандар жергілікті тұрғындар арасында тапшы. Әрине, жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ алып кемеде инженер болып еңбек ете алатын маман табу қиын...».

  • Болашақ бүгiннен басталады...

    Бүгінде мектептердегі кәсіби машықтандыру барысы педагогикалық үрдістің бір бөлігі болудан қалған. Өкінішке қарай, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандық не кәсіп таңдауда ерік-жігері мен мақсат-мүддесі мүлдем айқындалмаған.

  • Кiшкентай Әсемге шұғыл көмек қажет

    2015 жылдың қоңыр күзінде Екібастұзда тұратын Ахметжановтар отбасы ортаншы қыздары Әсемнің нефробластома, яғни бүйректің қатерлі ісігі дертіне шалдыққанын естіді. Тату-тәтті, бақытты отбасының өмірі дәрігерлердің диагнозынан кейін күрт өзгереді. 5 жасар Әсем шұғыл түрде Астанадағы Ұлттық Ана мен бала орталығына жатқызылып, химия терапия курсынан өте бастады...

  • Химия – «жасыл экономиканың» қозғаушы күшi

    «Жасыл экономика» жобасы аясында қазақ ғалымдары да бірегей ізденістерінің нәтижесін паш етіп, әлем елдерін тұрақты энергия көздерін басқаруды қамтамасыз ету мәселелерін бірлесе шешуге шақыруда.

  • «Тәуелсіздікті жырлаймын!»

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қазақ радиосында» «Шеврон» компаниясы мен WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты поэтикалық жоба жүзеге асырылуда.

  • Болашаққа нық сенiммен!

    Соңғы кездері жағдайы бар ата-аналар да кәсіптік білім беру мәселесіне қатысты бұрынғы көзқарастарын өзгерткен. Балалардың өздері де қандай да бір кәсіптік мамандықты игеріп, «онымен өзімді, отбасымды асырай алсам» деген оймен кәсіптік білім беру колледждеріне көптеп келіп жатыр...

  • Экономикалық iркiлiстен технологиялық өрлеуге дейiн

    Ұдайы күрделі жөндеуге тоқтатылатын ел ішіндегі мұнай өңдеу зауыттары технологиялық тұрғыдан жаңартылу аясында отандық ғалымдардың ізденістері мен пікір-ойына ара-кідік құлақ асып жатса, артық болмас еді...

  • Тарих тәжiрибенi кешiрмейдi...

    "Қазақстанда тарих пәні төңірегінде тәжірибе жүріп жатыр. Жоғарғы оқу орындарының бір бөлігі Қазақстан тарихын қысқартылған нұсқада оқуға көшті. Біз, тарихшылар мұнымен келіспейміз...".

  • Елена Никитина: Бақытты болғыңыз келе ме?

    Ана сүті бала үшін де, ана үшін де маңызды. Бұл мемлекет үшін де тиімді. Неге біз Швейцария, Германия немесе Ресейден сүт қоспасын алу үшін қаражат шығындауымыз керек?..