• Рабига Абдикеримова

    Журналист

  • 26 сентября 2014

Күзгi қарбаластың екпiнi бәсеңдеу

 

Көзі қырағы жұрттың байқауынша, биыл күз алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама салқын. Бұл пікірді синоптик мамандар да жоққа шығармайды. Есесіне, отандық бизнес-ортадағы күзгі белсенділік әдеттегідей жанданып, өз бетімен өрбіп жатыр. Бірақ іскерлік екпіні ептеп бәсеңси түскен.

Әлбетте, біз бұл арада ауа райының болжамы мен бизнес көрсеткіштерді салыстырып, зерттеуден аулақпыз. Алтын күздің екінші айында іске қосылған ISKER.KZ айдары қазақстандық бизнес-ортадағы соңғы жаңалықтар мен алдағы мақсат-міндеттер тұрғысында отандық кәсіпкерлердің пікіріне жүгінгенді жөн көрген-ді. Қалай дегенмен, іскерлік белсенділік жандана түскен қыркүйек-қазан айларында бизнес өкілдерінің келешек жоспарлары да пісіп-жетіле түседі емес пе.

«Centras Securities» АҚ вице-президенті Ольга Эм ханымның айтуынша, іскерлік ортадағы күзгі белсенділік биыл Кеден одағының жұмысына қатысты өрбуде. Яғни, Одақ аясындағы заңнамалық мәселелер әрі қарай жетілдіріліп, бұл сала ысыла түсуі тиіс. Сарапшы маман, сондай-ақ Ұлттық банктің теңгеге қатысты саясатын да алға тартады. Әйтсе де, Эм ханымның пікірінше, ең басты жаңалық – KEGOC компаниясының халықтық IPО шарасына шығуы.

«Жазғы мамыражай тыныштықтан кейін күз шыға бизнес-орта құмырсқаның илеуіндей шулап кетеді емес пе. Бұл әдеттегі жағдай, - дейді Ольга Эм. - Дегенмен, менің байқауымша, соңғы екі жылда бұл тұрғыда ел ішінде ептеген тоқырау лебі бар. Себебі, біз солтүстік көршімізбен бір алаңға шығып отырмыз. Қазақстан қазір Ресеймен тығыз байланысқан, ендеше көрші мемлекетке қатысты санкциялар екпіні біздегі жағдайға да әсер етпей қоймайды».

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Айтуар Қошмамбетов мырзаның да пікірі осы тұстас. Сарапшы маман, іскерлік белсенділіктің жазғы тежелісіне биыл тек демалыс сипаты ғана емес, Ресей мен Еуроодақ арасындағы санкциялар да ықпал етті дегенді айтады.

«Бірақ осы санкциялардың өзге де қыры бар: бұл арада біздің агрөнеркәсіп кешені үшін өзіндік мүмкіндіктер де жоқ емес. Біз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, көрші мемлекетке қол үшін беруді де ескерудеміз. Жалпы, биыл күз отандық агросала үшін ең қызып тұрған шақ. Ресейге қатысты тыйым шаралары бізді де ойландыра түсті. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ретінде, біз осы мәселелер төңірегінде тереңнен ізденіп, өкілетті органдармен, министрліктермен тікелей жұмыс істеп, қамдана бастадық», - дейді Қошмамбетов мырза.

Сарапшы, сондай-ақ қазір Алматы бизнесіндегі ең ірі орта «сауда және қызмет көрсету саласы» дейді. Бұл тұрғыда оңтүстік астанадағы белсенділік мезгілге сай жандана түскен. «Мемлекет басшысы ел ішіндегі базарларға қатысты бірыңғай стандарттар әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Яғни, отандық базарлар барша жұрт үшін ыңғайлы болып, базар өкілдері барлық заң талаптары мен нормаларын тиянақты орындауы тиіс. Біз бүгінгі базарлар сауда үйлеріне айналып, әсем де зәулім ғимараттар түзесе дейміз. Сонда өзіміз білетін «барахолка» сынды сауда алаңдарындағы жағдай да жақсара түспек. Бүгінде олардың бірқатары өз жобаларын бекітіп, жаңа құрылыс бастаған. Бұйыртса, 2015 жылы сол жаңа базарларға барып, сауда жасайтын боламыз», - дейді сарапшы маман.

Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, 2014 жылдың күз мезгіліне тән басты жаңалықтың бірі – жариялық шарасы. Оның айтуынша, мемлекет осы шараның нәтижесінде «10-12 млрд АҚШ доллары шамасында» қаржы жинап алуды жоспар етуде. «Бұл акцияның басты мақсаты – отандық кәсіпкерлікті тасадан шығарып, заңдастыру», - дейді ол.

Кәсіпкерлер палатасының өкілі, сондай-ақ соңғы екі жылда елімізде жекешелендіру жүріп жатқанын да алға тартады. «Мемлекет меншігіндегі нысандар мен ұлттық компаниялар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық объектілері жекешендірілуде. Яғни, қазір бизнестегі ағайын өз мүмкіндігін жіберіп алмау керек. Жекешелендіру жөніндегі тендерлер www.gosreestr.kz сайтында электрондық сауда негізінде  барынша ашық түрде өтіп жатыр», - дейді Айтуар Қошмамбетов.

ISKER.KZ сұрақтарына жауап берген сарапшы, отандық бизнеске қатысты өзгерістер жөнінде: «Таяуда кәсіпкерлік қызметті жақсартуға қатысты түбегейлі шаралар жөнінде заң қабылданады. Меніңше, бұл заң әлі көпшілік қауымды таң қалдырары анық», - дегенді айтады.

Ал Жас кәсіпкерлер клубының негізін қалаушылардың бірі Павел Коктышев, «өткен жылға өкпе жоқ» деп отыр. Оның айтуынша, былтыр елімізде, мысалға, электрондық коммерция 90%-ға шарықтап өскен. Бұл саланың нарық ішіндегі үлесі аз болса да, жетістіктері әжептәуір. «Электрондық коммерция саласындағы 50 компанияның 15-нің айналым көрсеткіші 1 млрд теңгеден асты. Қазір дәстүрлі бизнестегі кәсіпкерлердің біразы электрондық саудаға бет бұруда. Бұл тұрғыда ғаламтордың дамып, көпшілік үшін қолжетімді болуы да маңызды себеп. Отандық нарыққа Lamoda сынды ірі ойыншылардың келуі, электрондық сауданы аймақтарда да жандандыра түсті. Байқауымша, ел ішінде қазір іскерлік серпіліс бар», - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, биыл күзде бизнес саласы үшін қаржылық құралдар да біршама жақындай түссе керек. «Бизнес саласына жаңа келген кәсіпкерлер үшін жағдай жасалуда, - дейді ол. - Бұған біз де қолдан келгенше ат салысудамыз. Биыл мамыр айында «Даму» қорымен арада меморандумға қол қойдық. Енді кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдау көрсетіп, тәлімгерлікті дамытатын боламыз. Сол сияқты, қазір кредиттеу және шағын бизнеске кепілдік беру бағдарламалары дамып жатыр. Бизнес қауымдастық үшін тағы бір тиімді бағыттың бірі – дуальдік білім. Әрине, ол дәл қазір нәтиже бере қоймас, бірақ осы бағытқа көңіл бөлген кәсіпкерлер бұған алдағы үш-төрт жылда көз жеткізеді», - дейді Павел Коктышев.

Рабиға Әбдікерім

  • Нравится

Комментарии к статье (0)

чтобы оставить комментарии.

Статьи по теме

  • Келешекке нық қадаммен

    Ел теміржолындағы реформалық өзгерістер «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамын да айналып өтпеді.

  • Кадеттер теңiзге шығуға дайын

    «Өкінішке қарай, теңіз саласына қатысты жоғары білікті мамандар жергілікті тұрғындар арасында тапшы. Әрине, жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ алып кемеде инженер болып еңбек ете алатын маман табу қиын...».

  • Болашақ бүгiннен басталады...

    Бүгінде мектептердегі кәсіби машықтандыру барысы педагогикалық үрдістің бір бөлігі болудан қалған. Өкінішке қарай, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандық не кәсіп таңдауда ерік-жігері мен мақсат-мүддесі мүлдем айқындалмаған.

  • Кiшкентай Әсемге шұғыл көмек қажет

    2015 жылдың қоңыр күзінде Екібастұзда тұратын Ахметжановтар отбасы ортаншы қыздары Әсемнің нефробластома, яғни бүйректің қатерлі ісігі дертіне шалдыққанын естіді. Тату-тәтті, бақытты отбасының өмірі дәрігерлердің диагнозынан кейін күрт өзгереді. 5 жасар Әсем шұғыл түрде Астанадағы Ұлттық Ана мен бала орталығына жатқызылып, химия терапия курсынан өте бастады...

  • Химия – «жасыл экономиканың» қозғаушы күшi

    «Жасыл экономика» жобасы аясында қазақ ғалымдары да бірегей ізденістерінің нәтижесін паш етіп, әлем елдерін тұрақты энергия көздерін басқаруды қамтамасыз ету мәселелерін бірлесе шешуге шақыруда.

  • «Тәуелсіздікті жырлаймын!»

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қазақ радиосында» «Шеврон» компаниясы мен WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты поэтикалық жоба жүзеге асырылуда.

  • Болашаққа нық сенiммен!

    Соңғы кездері жағдайы бар ата-аналар да кәсіптік білім беру мәселесіне қатысты бұрынғы көзқарастарын өзгерткен. Балалардың өздері де қандай да бір кәсіптік мамандықты игеріп, «онымен өзімді, отбасымды асырай алсам» деген оймен кәсіптік білім беру колледждеріне көптеп келіп жатыр...

  • Экономикалық iркiлiстен технологиялық өрлеуге дейiн

    Ұдайы күрделі жөндеуге тоқтатылатын ел ішіндегі мұнай өңдеу зауыттары технологиялық тұрғыдан жаңартылу аясында отандық ғалымдардың ізденістері мен пікір-ойына ара-кідік құлақ асып жатса, артық болмас еді...

  • Тарих тәжiрибенi кешiрмейдi...

    "Қазақстанда тарих пәні төңірегінде тәжірибе жүріп жатыр. Жоғарғы оқу орындарының бір бөлігі Қазақстан тарихын қысқартылған нұсқада оқуға көшті. Біз, тарихшылар мұнымен келіспейміз...".

  • Елена Никитина: Бақытты болғыңыз келе ме?

    Ана сүті бала үшін де, ана үшін де маңызды. Бұл мемлекет үшін де тиімді. Неге біз Швейцария, Германия немесе Ресейден сүт қоспасын алу үшін қаражат шығындауымыз керек?..