Тарих тәжiрибенi кешiрмейдi...

 

Таяуда Алматы Менеджмент университетінде (AlmaU) Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда «Қазақ хандығынан Мәңгілік елге» дейінгі аралықтағы тарих мәселелері сараланды. Отырыс барысында тарихшылар мен саясаттанушылар жас ұрпаққа Қазақстан тарихын толықтай жеткізу қажеттігін бірауыздан қолдады.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінде Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Қазақстан тарихы пәнін қысқартып оқыту тәжірибесі жоғары оқу орындарының бірқатарында басталып та кетті. Ғылыми ортаның бұған қатысты білдірген алаңдаушылығына орай Мәжіліс депутаты Азат Перуашев таяуда тиісті министрлікке депутаттық сауал жолдап, мәселенің оңтайлы шешілуіне сенім артқан еді. Заң бойынша, мұндай сауалдарға бір ай көлемінде жауап қайтарылуы тиіс. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов: «Қазір бізді алаңдатып отырған нәрсе – Қазақстанда тарих пәні төңірегінде тәжірибе жүріп жатыр. Жоғарғы оқу орындарының бір бөлігі Қазақстан тарихын қысқартылған нұсқада оқуға көшті. Біз, тарихшылар мұнымен келіспейміз. Көршілес елдің басшысы, «Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған» дегені есімізде. Мұндай тарихи бұрмалауға жол бермес үшін тарихты толық нұсқада оқыту қажет. Егер бұл тәжірибе бүкіл елге жайылып кетсе, біріншіден, біз Қазақстан тарихы пәнін жоғалтып алуымыз мүмкін. Екіншіден, Қазақстан тарихынан мемлекеттік емтихан тапсыру да мүмкін болмайды. Заң бойынша, депутаттық сауалға министр бір ай ішінде жауап беруі керек. Біз Қазақстан тарихы пәні толықтай оқытылып, мемлекеттік емтихан ретінде сақталуын талап етеміз», - дейді.

 

 

Тарихшылардың алаңдаушылығын оқытушылар да қолдап отыр. Бұл орайда PhD докторы, профессор Бақытнұр Отарбаева: «Өкінішке қарай, бүгін мектептен кейін оқу орындарына түскен балалардың тарихты білу деңгейі өте төмен. Бәлкім, мектепте балаларға сабақты оқытуда терең ойлау, тарихи оқиғаның себебін іздеу немесе тұжырым жасау дегендей нәрселерді үйретпейтін болар. Біз, тіпті, үш кредиттік жүйеде Қазақ тарихын толық айтып бітіре алмаймыз. Ал енді екі кредиттік жүйеге көшсек, балаларға нені үйретіп үлгереміз? Өз тарихын білмей жатып азамат боп қалыптасу қиын», - деп пікір қосады. Бақытнұр Отарбаева, тарихты толық нұсқада және кең көлемде жастарға оқытудың маңызы зор дегенді айтады. Бұл арада ол: «Жақында шетелде жүрген жастарымыздың айтуынша, Америкада тұратын француз тарихшысы, "Empire of the Steppes– History of Central Asia" кітабының авторы Рене Гроссет қазақ студенттеріне Сақ тарихы туралы сұрақ қойыпты, сонда ешқайсысы да ауыз толтырып ешнәрсе де айта алмаған. Осыған жастар қатты ұялған. Өкінішке қарай, біздің жастарымыз шетелде жүрсе, өз тарихы туралы мақтанышппен ешнәрсе де айта алмайды. Сондықтан біз министрге жазылған хатты қолдап, одан бір нәтиже шығатынына үміттіміз», - дейді.

Белгілі тарихшы Берекет Кәрібаев Елбасының бастамасымен көтеріліп отырған «Мәңгілік ел» идеясының жүзеге асуына тарих пәнін оқытудың үлесі сүбелі екеніне сенімді. Өз кезегінде тарихшы: «Қазір біз «Мәңгілік елге» қарай ұмтылудамыз. Әу бастан математика, физика, химия, биология, тарих, филология классикалық ғылымдарға жатады. Оның ішінде тарихтың 7 міндеті бар. Тарих дегеніміз – білім, ғылым, пән, тәрбие, саясат, т.б. Кім Қазақстан тарихына қарсы болса, сол Елбасының «Мәңгілік ел» идеясына да қарсы боп шығады. Бізге, керісінше, ұлттық тарихымызды молайтып, іздеп, зерттеп, мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін толықтай оқыту керек. Меніңше, сонда ғана біз Президенттің бастамасымен «Мәңгілік елге» айналамыз», - деп түйіндейді өз ойын.

Жалпы, дөңгелек үстел басына жиналған зиялы қауым өкілдері «Мәңгілік ел» идеясының сонау Күлтегін заманынан бастау алып, ұрпақтар сабақтастығын айқындаумен қатар, ұлттық бірлік пен ынтымақтастықты насихаттап отырған біріктіруші бастама екенін баса айтты. Тарихшы Хангелді Әбжанов: «Бүгінде көтеріліп жүрген «Мәңгілік ел» идеясы VIII ғасырда дүниеге келген. Күлтегеннің тасында «Мәңгілік ел» деген сөз бес рет қолданылады. Бұл жазбада ол «астана» және «бейбітшілік» дегендей әртүрлі мағыналарда айтылады, - дей келе: - Бұдан шығатын қорытынды: «Мәңгілік ел» идеясы мемлекет кемелдігіне келген шақта көтеріледі. Шынымен де бұл идея қайта түлеген 2014 жыл – Қазақстанның мемлекет ретінде кемеліне жеткен кез болды. Былайша айтсақ, түркілерден қалған ұранды Елбасымыз ел алдында көтеріп, тарих сабақтастығын аңғартып отыр», - деп қосты өз пікірін.

Ал, тарихшылардың азаматтық позицияларына тәнті болған Қазақстан Халық ассамблеясының ғылыми сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер Дос Көшім: «Күні кеше ғана Білім және ғылым министрі көтерген бастамаға қатысты бүгін тарихшылар өз пікір-көзқарасын білдіруі азаматтық позицияның барын аңғартады. Әрине, біз үшін қазір «Мәңгілік ел» идеясынан кейін ең маңызды нәрсе – елімізде тұратын 130 ұлт өкілімен қалай бірге тұрып, елді дамытамыз деген мәселе. Президентіміз қойған талап бойынша, 2020 жылға қарай мектеп бітірушілердің 100 пайызы қазақ тілін біліп шығуы керек. Мұндай үлкен мақсат қойғанымыз дұрыс. Себебі бұл бәрімізді біріктіретін маңызды фактор. Жалпы, халықты біріктіретін – ортақ тарих. Әрине, мен Ассамблеяны талай сынап келемін, бірақ соңғы уақытта Ассамблея өкілдері тарихты, біртектілікті қазақ халқы мен басқа да диаспора өкілдерінің басын біріктіретін фактор ретінде қолдана бастады. Бұған риза боп жүрмін», - дейді.

Зиялы қауым өкілдері осындай маңызды кездесуді ұйымдастырған Алматы Менеджмент университеті мен Мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебінің өкілдеріне алғыс білдірді. Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Нұржамал Дүйсенғұлова да тарихшылар мен саясаткерлерге дөңгелек үстелге қатысып, студенттер мен жалпы белсенді жастар алдында маңызды мәселелер көтергендеріне ризашылық танытты.

Кәмшат Тасболат

  • Нравится

Комментарии к статье (0)

чтобы оставить комментарии.

Статьи по теме

  • Келешекке нық қадаммен

    Ел теміржолындағы реформалық өзгерістер «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамын да айналып өтпеді.

  • Кадеттер теңiзге шығуға дайын

    «Өкінішке қарай, теңіз саласына қатысты жоғары білікті мамандар жергілікті тұрғындар арасында тапшы. Әрине, жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ алып кемеде инженер болып еңбек ете алатын маман табу қиын...».

  • Болашақ бүгiннен басталады...

    Бүгінде мектептердегі кәсіби машықтандыру барысы педагогикалық үрдістің бір бөлігі болудан қалған. Өкінішке қарай, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандық не кәсіп таңдауда ерік-жігері мен мақсат-мүддесі мүлдем айқындалмаған.

  • Кiшкентай Әсемге шұғыл көмек қажет

    2015 жылдың қоңыр күзінде Екібастұзда тұратын Ахметжановтар отбасы ортаншы қыздары Әсемнің нефробластома, яғни бүйректің қатерлі ісігі дертіне шалдыққанын естіді. Тату-тәтті, бақытты отбасының өмірі дәрігерлердің диагнозынан кейін күрт өзгереді. 5 жасар Әсем шұғыл түрде Астанадағы Ұлттық Ана мен бала орталығына жатқызылып, химия терапия курсынан өте бастады...

  • Химия – «жасыл экономиканың» қозғаушы күшi

    «Жасыл экономика» жобасы аясында қазақ ғалымдары да бірегей ізденістерінің нәтижесін паш етіп, әлем елдерін тұрақты энергия көздерін басқаруды қамтамасыз ету мәселелерін бірлесе шешуге шақыруда.

  • «Тәуелсіздікті жырлаймын!»

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қазақ радиосында» «Шеврон» компаниясы мен WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты поэтикалық жоба жүзеге асырылуда.

  • Болашаққа нық сенiммен!

    Соңғы кездері жағдайы бар ата-аналар да кәсіптік білім беру мәселесіне қатысты бұрынғы көзқарастарын өзгерткен. Балалардың өздері де қандай да бір кәсіптік мамандықты игеріп, «онымен өзімді, отбасымды асырай алсам» деген оймен кәсіптік білім беру колледждеріне көптеп келіп жатыр...

  • Экономикалық iркiлiстен технологиялық өрлеуге дейiн

    Ұдайы күрделі жөндеуге тоқтатылатын ел ішіндегі мұнай өңдеу зауыттары технологиялық тұрғыдан жаңартылу аясында отандық ғалымдардың ізденістері мен пікір-ойына ара-кідік құлақ асып жатса, артық болмас еді...

  • Елена Никитина: Бақытты болғыңыз келе ме?

    Ана сүті бала үшін де, ана үшін де маңызды. Бұл мемлекет үшін де тиімді. Неге біз Швейцария, Германия немесе Ресейден сүт қоспасын алу үшін қаражат шығындауымыз керек?..

  • Азаматтық қоғамға арналған MBA...

    Ресми статистикаға сенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 27 мың үкіметтік емес ұйым тіркеліпті. Бірақ статистика бұл қатарға, кәсіподақтар мен кәсіби ұйымдардан бөлек, айталық, жекеменшік пәтер иелері кооперативтерін де жатқызады.