Елена Никитина: Бақытты болғыңыз келе ме?

 

2002 жылдан бері елімізде жұмыс істеп келе жатқан «Аист» отбасын қолдау орталығының негізін акушерлік салада 30 жылдық тәжірибесі бар танымал дәрігер, психолог Елена Никитина қалаған. 2011 жылдан бастап бұл орталықтың жобаларына «Шеврон» компаниясы қолдау көрсетуде. Соның арқасында Алматыдан бөлек, Астана мен Павлодарда дәл осындай орталықтар ашылып, «Салауатты босану ережелері» атты кітаптың 70 мың данасы жүкті әйелдерге тегін таратылған.

Ал бұдан бес жыл бұрын қолға алынған «Медицинадағы тиімділік анатомиясы» атты жоба бойынша, 9000 отбасына көмек көрсетіліп, 5000-нан астам медицина қызметкері дайындықтан өткен. Қазір тренерлік қызметпен айналысып жүрген танымал маман өз әңгімесін орталықтың тарихынан бастады. «Өз басым отбасылық психотерапия және психологиямен көп шұғылданамын. «Бөбек» қорының көмегімен дүниеге келген жетімдерге арналған отбасылық үлгідегі балалар қалашықтарында төрт жылдан астам жұмыс істедім. Кейін Қазақстаннан бөлек, Австрия, Германиядан келген меценаттар жетім балалардың қолайлы ортада өмір сүруі үшін қаржы бөле бастағанда, мен де өз ақыл-кеңестеріммен бөлісіп жүрдім. Әу бастан мен балаларға арналған орталық құрып, олардың тек физиологиялық тұрғыдан өсуін ғана емес, шығармашылық әлеуетін де арттыру мақсатында жұмыс істесем деген идеямен жүрдім. Әлбетте, мен жетімдермен де, оларды бауырына басқан аналармен де көп араластым. Бірақ түпкі мақсатым – қыз-келіншектерді туған балаларын тастамауға үгіттеу еді. Бұл арада әйелдің жүкті кезінде онымен тығыз байланыста болып, нәрестесін тастап кетпеуіне ықпал ететін кезең аса маңызды. Менің медициналық білімімнен бөлек, психологиялық тәжірибем де бар. Сондықтан 2002 жылы «Аист» отбасын қолдау орталығын аштым», - деп әңгімелейді Елена Никитина.

 

Аист

 

«Аист» орталығы негізінен бизнес-жоба ретінде ашылды. Мұнда көптеген отбасылар психологтан бастап, басқа да қажетті дәрігерлердің ақыл-кеңесін алып, ол үшін тиісті қаражатын да төлеп жүрді. «Шынтуайтында, туған баласынан бас тарту әрекеттері әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына тән. Сондықтан біз құрылғаннан бастап аптасына бір рет осындай отбасылармен тегін жұмыс істейміз, - деп қосады «Аист» орталығының басшысы. - 2011 жылы «Шеврон» компаниясы біздің жобамызды қолдауға мүдделілік танытты. Соның арқасында біз «Салауатты босану ережелері» сияқты кітапшаларды тек Алматыда ғана емес, сондай-ақ Астана мен Павлодарда да басып шығарып, тегін таратуға мүмкіндік алдық. Онда диетологтардың, психологтардың, жаттықтырушылардың ақыл-кеңестері жинақталған. Қазақ және орыс тіліндегі кітапша 70 мың данамен таралды. Тағы бір айта кетерлігі, дәл Алматыдағыдай орталықты Астана мен Павлодарда да ашуға мүмкіндік туды.

- Осынау әлеуметтік жобаны жүзеге асыру кезінде нені байқадыңыз?

- Басты байқағанымыз – біздің кеңестеріміз бен учаскелік дәрігерлердің ақыл-кеңестері арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Бұған учаскелік дәрігер кінәлі емес. Олардың әрбір науқасқа бөлетін уақыты 15-20 минуттан аспайды. Олар тек жүкті әйелдің салмағын өлшеп, анализін көріп үлгереді. Ал жүкті әйелмен сөйлесіп, оның үйдегі жағдайы қалай, күйеуімен қарым-қатынасы жақсы ма дегендей мәселелерді ескере алмайды. Сөйтіп, біз денсаулық сақтау саласының өкілдерімен, бас дәрігерлермен жұмыс істей бастадық. Келер жылдан бастап, тіпті, жүктілікті қадағалау барысын дәрігерлер емес орта деңгейдегі медициналық қызметкерлер жүргізетін болады. Ал дәрігерлер тек патологияны зерттеп, диагноз қоюмен айналысады. Яғни, жүктілік барысын медбикелер жүргізеді. Сондықтан біз «Медицинадағы тиімділік анатомиясы» атты жобаны медбикелер үшін дайындадық.

- Ал сіз бұл жаңашылдықпен келісесіз бе?

- Ел аумағында осындай жаңа заң қабылданып жатса, қалайша біз онымен келіспейміз?

- Бұл Еуропадан әкелінген стандарт па сонда?

- Иә, Еуропа елдерінде солай. Сонымен қатар, Америка медицинасы да осы бағытта дамыған. Өз басым ғылым кандидаты, доцент болған тұста да Америкадан келген медбикеден қауіпсіз ана болу жағдайларын үйреніп, тәжірибесін ұғындым. Сондықтан медбикелік саланы көтеруді көп ойландық. Біз бұрыннан Медициналық колледжбен әріптеспіз. Колледж өкілдерімен біріге отырып, Алматы, Астанадан бөлек, бүгінде елімізде бала саны көп саналатын аймақ – Шымкентте де конференциялар өткіздік. Қазір  «Медицинадағы тиімділік анатомиясы» атты үлкен бағдарламаға кірістік. Жалпылай айтқанда, біздің әлеуметтік жоба жүзеге асырылған бес жылдың ішінде 9000 отбасына тиісті көмек көрсетіліп, 5000-нан астам медициналық қызметкер дайындықтан өтті.

 

Аист

 

Отбасында денсаулығы зор, бақытты бала табу үшін ата-ана денсаулығы да мықты болып, олар бақытты өмір сүруі керек. Сәуірдің 26-сында біз осы бағыттағы екінші семинарымызды өткіземіз. Бұл семинарлар әр айдың соңғы аптасында Алматыдағы медицина қызметкерлеріне тегін өткізіледі. Біз оларға аналармен дұрыс әңгіме жүргізуді үйретеміз. Ең бастысы, оларға сөйлеуден бұрын, көбірек тыңдауды үйретуге тырысамыз. Өкінішке қарай, бізде медицина қызметкерлеріне көп сөйлеп, пациентке ақыл-кеңес беруді үйреткен де, тыңдауды, адамды түсінуді үйретпеген. Сондықтан біз осы жұмысты жандандырып жатырмыз. Біз алғашқы семинарымызды өткізген соң дұрыс бағыт таңдағанымызды түсіндік. Бұл семинарлар перинаталдық қызметті дамытуға бағытталған. Олар жүктілік кезеңі мен жүктіліктен кейінгі кезеңге арналған. Мен бір нәрсеге сенімдімін: жас ұрпақ тек физиологиялық тұрғыдан салауатты болып қоймай, психологиялық тұрғыдан да мықты, нағыз патриот, рухы жоғары азамат болуы керек. Бұл тұста аға ұрпақпен байланыс та аса маңызды. Біздің кітапшаларда, тіпті, аға ұрпақ өкілдеріне, ата-әжелерге берген ақыл-кеңестеріміз де бар.

- Аға ұрпақтың, аталар мен әжелердің қандай кеңестерін маңызды дер едіңіз?

- Аға ұрпақтың бойында жақсы қасиеттер көп. Олар мейірімді, ашық, даналық ойлары көп. Жалпы, мен басқа елдерге барып, семинарлар өткізгенде, Қазақстан – акушерлік қызметтің орталығы, атам заманнан, босанған соң нәрестені мейіріммен бауырға басу біздің елге тән әрекет деп қашанда баса айтып жүремін. Байырғы заманнан кіндік шешелер жүкті әйелді жағымсыз эмоциядан сақтап, көңіл-күйінің бірқалыпты болуы үшін жағдай жасап келген. Тіпті, партнерлік босанудың өзі біздің еліміз үшін жат нәрсе емес. Мәселен, әйел босанар алдында бүкіл туған-туыстары жиылып, дастархан жайып, қазанды бұрқыратып, әйелдің көңіл-күйін аулап, оған жеңілдік сезімін сыйлауға тырысқан. Бұл қазақтың әдемі дәстүрі. Тіпті, бала емізу де сондай әдемі дәстүр. Ең қызығы, қазір америкалықтар біздің елімізге келіп, емшекпен емізу негіздері бойынша семинарлар өткізіп жүр. Бұл менің ашуымды туғызады. Бірде америкалықтар келіп, «сіздердің әйелдерге емізуді үйретеміз» дегенде, мен оларды дереу Оңтүстік Қазақстанға алып бардым. Онда Жалаңағаш ауданына тоқтадық. Екі-үш баласымен бір әйел жүр екен, америкалықтар одан: «Мына балаларыңызды еміздіңіз бе?» - деп сұрады, ол: «Әрине, еміздім», - деді. «Үшеуін де еміздіңіз бе?» - деп сұраса, әлгі әйел: «Тек үшеуін ғана емес, сегіз баламды да еміздім!» - дегенде, америкалықтар шалқасынан құлай жаздады.

- Қалада жасанды сүт қоспаларымен өсіп жатқан сәбилер көп. Бұл мәселенің шешімін қалай табуға болады?

- Негізінен, ешбір әйелдің санасында «омырауымда сүт жоқ» деген мәселе туындамауы тиіс. Мәселе – дұрыс ақпараттың жетіспеуінде. Жалпы, ана мен баланың арасына ешкім араласпаса, онда кез келген жаңа босанған әйелдің омырауынан сүт шығады. Егер Жаратқан иеміз әйелді әйел етіп жаратса, онда бала босанған соң анасының омырауынан міндетті түрде сүт шығады. Ал егер балаға бөтелкеден сүтті емізік арқылы бере бастаса, онда ананың сүті де азая береді. Біз әйелдерді босануға дайындай жүріп, міндетті түрде емізу жөнінде сабақ өткіземіз. Ана сүті бала үшін де, ана үшін де маңызды. Ана сүтімен өскен бала көп ауырмайды. Баласын емізген әйел де онкологиялық аурулардан сақтанады. Бұл отбасы үшін өте тиімді. Себебі қаржы үнемделеді. Түптеп келгенде, бұл мемлекет үшін де тиімді. Себебі Қазақстан сүт алмастыратын қоспаларды өндірмейді. Неге біз өз қаржымызды Швейцария, Германия немесе Ресейге жөнелтуіміз керек? Біздің қазақ әйелдері қанша бала тапса да, олардың бәрін емізе алады. Сондықтан біз орталығымызға келген жас аналарға емізу техникасын үйретеміз. Бар мәселе – дұрыс ақпараттың таралуында.

- Соңғы кездері отандық БАҚ-тарда «баласын дәретханаға тастап кетіпті, көліктен тастапты» дегендей теріс ақпараттар тарап кетті. Мұндай мәселенің алдын алу үшін не істемек керек?

- Менің барлық жұмысым осы мәселені шешуге бағытталған. Шыны керек, басқа елдермен салыстырғанда бізде баласын тастап кетті деген деректер аз. Меніңше, мұндағы басты проблема – жастардың аға ұрпақ алдындағы үрейінен туындайды. Туған-туыс алдындағы абыройдың төгілуі олар үшін қорқынышты көрінеді. Бірақ ана болу бақыты ешбір отбасының абыройын төге алмайды. Ана болу – үлкен сый! Егер ана болу арқылы әйел заты үлкен бақытқа кенелетінін сезініп, бүкіл отбасы болған іске көніп, оны қолдаса, ешбір ана баласын тастап кетпес еді. Ал мерзімінен бұрын жүктілік болмас үшін, әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында дұрыс ақпарат таратылуы қажет.

 

Аист

 

Біздің орталыққа келген әйелдер біраз түйінді мәселесін шеше алады Айталық, кесар тілігі негізінде үш баласын дүниеге әкелген ана, жаттығулардың арқасында төртіншісін өзі босанған кездер де болды. Сондай-ақ, «омыраудан сүт шықпады» деп қамыққан аналар біздің дәрігерлердің кеңесінен кейін екінші, үшінші баласын да өздері емізіп кетті. Біз барлық әйелдерге «өзің босанып, өзің емізе аласың» дегендей сенім сыйлай аламыз.

Алға қойған жоспарыңыз қандай?

- Мен «Бақыт мектебі» жобасының негізін қалағым келеді. Адамда зор денсаулық, бақытты отбасы, табысты бизнесі болса, одан артық не керек? Біз бұл жоба бойынша мамандар дайындауға кірістік. Онда дәрігерлер де, психологтар да бар. Дұрыс тамақтанып, салауатты өмір сүруді дәрігерлер үйретеді, ал психологтар қарым-қатынасын түзеуге мән береді. Мен өзім осындай жетістікке жеткен адаммын: жақсы отбасым, тәтті немерелерім, сүйікті мамандығым мен бизнесім бар. Мен ақша үшін емес, мақсат үшін жұмыс істеймін. Келесі мақсат – адамдарды бақытты болуға үйрету. Мен барлық адамдардың тілін табу үшін ислам дінінен бастап, православие мен буддизм діндерін де зерттеп келемін. Келесі мақсат – бүкіл азаматтардың тілін тауып, Бақыт мектебінің негізін қалау.

- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Кәмшат Тасболат

  • Нравится

Комментарии к статье (0)

чтобы оставить комментарии.

Статьи по теме

  • Келешекке нық қадаммен

    Ел теміржолындағы реформалық өзгерістер «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамын да айналып өтпеді.

  • Кадеттер теңiзге шығуға дайын

    «Өкінішке қарай, теңіз саласына қатысты жоғары білікті мамандар жергілікті тұрғындар арасында тапшы. Әрине, жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ алып кемеде инженер болып еңбек ете алатын маман табу қиын...».

  • Болашақ бүгiннен басталады...

    Бүгінде мектептердегі кәсіби машықтандыру барысы педагогикалық үрдістің бір бөлігі болудан қалған. Өкінішке қарай, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандық не кәсіп таңдауда ерік-жігері мен мақсат-мүддесі мүлдем айқындалмаған.

  • Кiшкентай Әсемге шұғыл көмек қажет

    2015 жылдың қоңыр күзінде Екібастұзда тұратын Ахметжановтар отбасы ортаншы қыздары Әсемнің нефробластома, яғни бүйректің қатерлі ісігі дертіне шалдыққанын естіді. Тату-тәтті, бақытты отбасының өмірі дәрігерлердің диагнозынан кейін күрт өзгереді. 5 жасар Әсем шұғыл түрде Астанадағы Ұлттық Ана мен бала орталығына жатқызылып, химия терапия курсынан өте бастады...

  • Химия – «жасыл экономиканың» қозғаушы күшi

    «Жасыл экономика» жобасы аясында қазақ ғалымдары да бірегей ізденістерінің нәтижесін паш етіп, әлем елдерін тұрақты энергия көздерін басқаруды қамтамасыз ету мәселелерін бірлесе шешуге шақыруда.

  • «Тәуелсіздікті жырлаймын!»

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қазақ радиосында» «Шеврон» компаниясы мен WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты поэтикалық жоба жүзеге асырылуда.

  • Болашаққа нық сенiммен!

    Соңғы кездері жағдайы бар ата-аналар да кәсіптік білім беру мәселесіне қатысты бұрынғы көзқарастарын өзгерткен. Балалардың өздері де қандай да бір кәсіптік мамандықты игеріп, «онымен өзімді, отбасымды асырай алсам» деген оймен кәсіптік білім беру колледждеріне көптеп келіп жатыр...

  • Экономикалық iркiлiстен технологиялық өрлеуге дейiн

    Ұдайы күрделі жөндеуге тоқтатылатын ел ішіндегі мұнай өңдеу зауыттары технологиялық тұрғыдан жаңартылу аясында отандық ғалымдардың ізденістері мен пікір-ойына ара-кідік құлақ асып жатса, артық болмас еді...

  • Тарих тәжiрибенi кешiрмейдi...

    "Қазақстанда тарих пәні төңірегінде тәжірибе жүріп жатыр. Жоғарғы оқу орындарының бір бөлігі Қазақстан тарихын қысқартылған нұсқада оқуға көшті. Біз, тарихшылар мұнымен келіспейміз...".

  • Азаматтық қоғамға арналған MBA...

    Ресми статистикаға сенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 27 мың үкіметтік емес ұйым тіркеліпті. Бірақ статистика бұл қатарға, кәсіподақтар мен кәсіби ұйымдардан бөлек, айталық, жекеменшік пәтер иелері кооперативтерін де жатқызады.