• Екатерина Корабаева

  • 12 сентября 2013

Қоғамның мұңын ойласақ...

 

Бүгінгі таңда елімізде әлеуметтік жауаптылық ұғымының мән-мағынасы айтарлықтай кеңейіп, әлеуметтік негіздегі нақты жобаларға бизнес өкілдері де барынша көңіл бөле бастады. «Даму» Кәсіпкерлікті қолдау қорының «Даму-Көмек» бағдарламасы мүмкіндіктері шектеулі зағип жандарға кәсіпкерлікпен айналысуға жол ашып, олардың өз бойындағы қабілеттерін қоғам ішінде толыққанды жүзеге асыруға негізделген.
 

Аталған бағдарлама аясында таяуда Атырауда мүгедек жандарға тігін машиналары табыс етілді. Енді олар тігін шеберханаларын ашып, өздері қалаған іспен шұғылдана алады. Бұл тұрғыдағы қолдау көрсету мүмкіндігі қазір Қазақстан аумағын түгел қамтыған. Яғни, бүгінде аяғынан тік тұрған отандық бизнесмендер «Даму» қоры арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға бизнес саласындағы өз әлеуетін жүзеге асыруға көмек қолын созуда. Сөйтіп, кәнігі бизнесмендер кәсіпкерлікке ден қойған мүгедек жандарды ынталандыруға жағдай жасап, олардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында бизнеске үйретуді қолға алуда.


Мұндай талпыныс қазіргі күні кімді болса да бей-жай қалдырмайтын маңызды қадам деуге тұрарлық. Қалай дегенмен, отандық еңбек нарығының бүгінгі қалпында мүгедектердің бәсекелестік қабілеті өте төмен, сол себепті де олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі де мейлінше шектеулі. Көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмысқа алып, оған жұмыс істеуге ыңғайлы орта қалыптастыру талабы жұмыс беруші үшін экономикалық тұрғыдан тиімді бола бермейді. Оның сыртында, біздің қоғамда мүгедектердің білім алып, өз-өзін кәсіби жетілдіріп, шыңдау мүмкіндіктері де әлі де шектеулі екендігі жасырын емес. Сол себепті де олар көбінесе жоғары біліктілікті талап етпейтін, яғни жалақысы төмен кәсіппен айналысуға мәжбүр. Мәселен, біздің елімізде еңбекке қабілетті жастағы мүмкіндігі шектеулі жандардың ішінде соңғы жылдары жұмысқа араласқандарының саны 50 мыңнан аспайды, яғни ресми тіркелген мүгедектердің жалпы санының 12%-ы шамасында ғана. Осы арада салыстыру үшін айта кетелік, дамыған елдерде бұл көрсеткіш еңбекке қабілетті зағип жандардың 40%-ын құрайды.


Айтқандай-ақ, «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында ендігі кезеңде аталған көрсеткішті біршама мазмұнды етіп өзгертуге толық мүмкіндік бар. Бұл арада Кәсіпкерлікті қолдау қоры бизнеспен айналысуды мақсат еткен мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларға қолдау көрсетуге әзірлік танытқан кәсіпкерлердің арасын жақындастырар өзіндік өткел іспетті деуге болады.


Өз кезегінде бизнес өкілдерінің бұл әрекеті «байлыққа құныққан» деп есептелетін кәсіпкерлер қауымына қатысты қыңыр көзқарасты өзгертуі тиіс. Мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлердің шынайы жағдайымен, түйінді мәселелерімен таныса келе, бизнес-қауымдастық зағип әріптестеріне қолдау көрсетуге белсене араласуда. Әлбетте, олар да бұл тұрғыда өз мүмкіндіктеріне қарай әрекет етуде. Айталық, бірі қолындағы жиһазымен бөліссе, екіншілері – техникалық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуді өз мойнына алуда, ал үшіншілері өзі жинақтаған бизнес-тәжірибесімен бөлісіп, мүгедектерді бизнеске бейімдеп үйрету, оқыту мәселесіне көптеп көңіл бөлуде. Кәсіпкерлер, ең бастысы – мүгедектердің қоғам өміріне толыққанды араласып, тұрақты жалақыға қол жеткізуіне, сөйтіп өз бетімен еңбектеніп, күн көруіне септік етсек деген ұмтылыстары барын алға тартады.


Өз тарапынан «Даму» Кәсіпкерлікті қолдау қоры жеке бизнеске ден қойған мүмкіндіктері шектеулі жандарға кәсіпкерлікпен айналысу барысында кеңес беріп, қолдау көрсетуде. Мысалы, қазір Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында бизнес-жоспар жасау тұрғысында тегін семинарлар ұйымдастырылған. Осы оқыту сабақтары барысында мүгедектер алған білімдерін іс жүзінде қалай қолдану керектігін және де бизнестегі өз орнын қалай табуға болатынын бағамдап, үйрене алады.


Осы арада көңіл бөлер тағы бір мәселе – бұл тұрғыдағы бизнес жобалар, әдетте, әлеуметтік кәсіпкерлікпен байланыса өрбіп жатады. Мысалы, Жезқазған қаласында біраздан бері «Инва-такси» жобасы қолданысқа түсіп, әрекет етуде. Транспорттық тасымалдауға негізделген бұл жобаны мүгедектердің «Ақ Сауыт» қоғамы қолға алған-ды. «Инва-такси» компаниясы мүмкіндігі шектеулі жандардың қала ішіндегі қозғалысын жүзеге асыруға арналған. Әлеуметтік негіздегі осынау қызмет түрін іске қосу үшін мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлерге кеңсе жиһазы, байланыс құралдары мен техникалық жабдықтар қажет болды. Сөйтіп, «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында мүгедектер қоғамының өтінішіне «Kalioll» серіктестігі қолдау көрсетіп, арнайы такси қызметін іске қосуға қажет барлық құрал-жабдықты тауып берді.

Осы тұрғыдағы тағы бір мысал деп мүгедектерге арналған әлеуметтік дүкеннің ашылуын айтуға болады. Мұндай дүкен ашуға керек құрал-жабдықты сатып алуға қажет қаражат ұсынған демушіні де «Даму» қоры тауып бергенін айта кету керек...

Негізі, бізді қоршаған бүгінгі әлемде төңірек бойы орын алған оқиғалар мен жағдайларға кім де болса бей-жай қарап, немқұрайлық танытпауға тырысады деген үміттеміз. Сондықтан да әлеуметтік жауаптылық ұғымы көпшілік қауым үшін біршама жақын да түсінікті деңгейге шыға бастаса керек. Қалай дегенмен, бизнес бүгінгі күні тек қалтаның қамын ғана емес, қоғамның мұңын да ойлап отырған сала екендігіне еш күмән жоқ. Оның бір көрсеткіші деп «Даму-Көмек» бағдарламасын айта аламыз.


МӘЛІМЕТ

«Даму-Көмек» бағдарламасына кәсіпкерлік қызметпен айналысуды мақсат еткен мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады. Бұл үшін www.damu-komek.kz сайтында берілген өтінімді толтырсаңыз жетіп жатыр. Ал көмек-қолдау көрсетуге ниет танытқандар қажет ақпаратты төмендегі телефондарға хабарласып ала алады: +7 (727) 244 55 66, 244 55 77.

  • Нравится

Комментарии к статье (0)

чтобы оставить комментарии.

Статьи по теме