• Рабига Абдикеримова

    Журналист

  • 9 сентября 2015

Ізден. Зертте. Талаптан

 

Жаһандық экономика қарқынының бәсеңдеуі салдарында әлемдік нарықтағы стратегиялық маңызды шикізаттардың бағасы төмен құлдырап, шикізат экспортына байланған Қазақстан экономикасы үшін едәуір қиын жағдай туындады. Ішкі нарықта теңге құнсызданып, тенгенің төлемпаздық қабілеті әлсіреп кетті. Ел экономикасының бүгінгі жағдайына қатысты әңгіме барысы дәл қазір осылай басталатын болды.

PWC корпоративтік қаржы департаментінің директоры Акмаль Нартаевтың айтуынша, бүгінде отандық компанияларға қолдарындағы қарыздарын қайта қаржыландырып, жаңа жобаларды бастау үшін едәуір көлемде кредит қажет. Ал ел экономикасына ықпал етіп отырған сыртқы және ішкі келеңсіздіктер салдарында «жергілікті банктер тарапынан әлеуетті борышкер үшін тиімді дейтіндей кредит ресурстары бойынша ұсыныс атаулы жоқтың қасы». Бұрынғы кредиттерді қайта қаржыландыру үшін банктер борышкердің болашағына сенімді болуы тиіс, былайша айтқанда, банктен қарыз алушы борышкердің қосымша кепілзаты болуы керек.

«Жаңа жобаларды қаржыландыру көздерін іздеп табу қазір кімге болса да оңайға соқпайды. Өйткені, экономикалық жағдай қиындап, теңге құнсызданған тұста жаңа жобалардың рентабельділігіне деген күмән көп. Оның сыртында, ішкі нарықта теңгемен берілетін ұзақ мерзімдік кредиттер өте аз, ал теңгенің тұрақсыздығы валюталық кредиттерді мәнсіз етіп отыр. Яғни, валюталық тәуекелдерге ұшырағыш келетін компаниялар шетел валютасымен берілетін кредиттерге үміт арта алмайды», - дейді Акмаль Нартаев.

Әрине, бұл тұрғыда Ұлттық банк та, үкімет те ликвидтілік мәселесін шешіп, шағын және орта бизнеске арналған кредит құнын төмендету жолында барлық мүмкіндіктерді іздестіруде. «Мемлекет араласпаса ұлттық экономиканың даму қарқыны мен кредиттеу ауқымы, мүмкін тіпті бүгінгіден де төмен болар ма еді, кім білсін. Қазақстандық компаниялар дәл қазір қолда бар сол мүмкіндіктерді жіберіп алмау керек, өйткені бюджеттің кіріс бөлімінің динамикасы нашарлап кетсе, мемлекет ел экономикасына бағыттап отырған ағымдағы қаражат деңгейін қысқартуы да әбден ықтимал. Сол сияқты, қазақстандық компаниялар шетелдік алдыңғы қатарлы компаниялармен бірлескен компания құруға жол ашатын тиісті құзырлықтарға қол жеткізу мүмкіндігін де ескергені жөн. Көрші елдердің нарығына шығудан бас тартпау керек. Бүгінде көрші нарықтарда біздің өнімдердің бәсекелестік басымдығы әлі де жоғары. Дәл қазір ел үкіметі отандық банк нарығына халықаралық деңгейдегі ірі ойыншылардың кіруіне рұқсат берсе де артық емес. Олар, айталық, EBRD, ADB, World Bank, USAID сынды халықаралық даму институттарын тарта отырып, қазақстандық компаниялардың бәсекелестік қабілетін арттыруға негізделген жаңа жобаларға қаражат тауып, кредиттік ресурстарға қол жеткізу мәселесін шешуге үлес қосқан болар еді», - деп топшылайды Акмаль Нартаев мырза.

Ал, «Верный Капитал» тобының  бас директоры және басқарушы әріптесі Ерлан Оспановтың пайымынша, мемлекет жекелеген кәсіпорындарды қаржыландырғаннан гөрі, барлық іс-әрекетімен бизнес және кәсіпкерлікті дамытуға сүбелі үлес қосып отырған ойыншылар үшін «бірыңғай ашық тәртіптер» орнатуға көңіл бөлгені дұрыс болар еді.

«Бұл бағыттағы негізгі мәселе, - дейді ол, - сот жүйесінің әділ жұмысы, яғни әрбір кәсіпкер үшін өз заңдық құқықтары мен мүдделерін сотта қорғай алу мүмкіндігіне шектеу болмауы тиіс. Бизнесті қаржыландырудың балама көздері туралы айтқанда, біз кәсіпкер қауымның ұсыныстарын дамытуға арналған инфрақұрылымды меңзейміз. Ал сот жүйесі өз жұмысында іріктеу қағидасына сүйенетін болса, онда инфрақұрылымды дамыту жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Бұл арада, әсіресе, миноритарлы акционерлердің құқын қорғау, корпоративтік құқық мәселелері өте маңызды».

Ал бүгінгідей жағдай аясында, айталық, кредитке балама болар мүмкіндіктерді іздестіру тұрғысында бизнес өкілдері, яғни кәсіпкер қауым нендей қимыл-әрекет еткені дұрыс деген сауалға, Ерлан Оспанов: «зерттеу керек, оқып үйрену керек, іздеу керек» деп жауап берді. Сарапшының пікірінше, біздің кәсіпкерлер әдетте тек банк кредиттеріне ғана үміт артады. «Мен оларға бұл мәселеге кеңінен қарап, ізденіс барысында табандылық танытуды ұсынар едім», - дейді ол.

Оспанов мырза қаржыландыру көздерін «заемдық қаржыландыру және капитал тарту» деп екіге бөледі. «Банктік кредиттеуді, әлбетте, бірінші түрге жатқызамыз, қаржыландырудың бұл түрін бизнестің әр кезеңінде де қолдануға болады», - дейді ол. Ал заемдық кредиттеуді сарапшы: факторинг және  лизинг деп бөледі. Ерлан Оспанов, факторинг, яғни жеткізуші компанияның сатып алушыға тауар не қызмет түрін жеткізу кезіндегі айналым капиталын қаржыландыру шарасы, ең алдымен, сауда кәсіпорындары үшін тиімді дегенді айтады. Ал лизинг кезінде, яғни құрал-жабдық, сауыт-сайманды уақытша қолданысқа беру барысында бірқатар салықтық жеңілдіктерге қол жеткізуге болады. Бірақ, әрине, лизингке берілген зат кәсіпкердің өз меншігі болып табылмайды.

Бүгінде Қазақстанда 30-дан астам лизингтік компания тіркелген, олардың біразы қаржылық топтардың не жекелеген банктердің еншілес ұйымдары. Ерлан Оспановтың айтуынша, лизингтік компания үшін түйінді мәселенің бірі – қаржыландыру үшін ақшаны қайдан алуға болады дегенге келіп тіреледі, яғни қорландыру мәселесі. Өйткені лизингтік компаниялар банктер сияқты өзгелердің қаражатын қолданып, жұмыс жүргізе алмайды. Айтпақшы, біздің елімізде мемлекет шағын және орта бизнестің өңдеу өнеркәсібіндегі лизингтік келісімдерін қаржыландыруға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы қолдау көрсетіп отыр...

Банктік кредиттеуге балама болар қаржы көздері ретінде Ерлан Оспанов, төмендегідей мүмкіндіктерді де алға тартады. «Мысалға, стартап жобаға негізделген жас компания үшін венчурлық инвестор іздеген тиімді. Бұл арада жаңадан құрылған кәсіпорын меншігінің бір бөлігін қаржы-қаражатқа алмастыруға болады. Әрине, бұл оңай емес, қалай дегенмен, венчурлық инвестор бизнесті толық өз бақылауына алу мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Сондықтан да кәсіпкер табанды да абай болуы тиіс», - дейді сарапшы.

Келесі мүмкіндік – тікелей инвестор іздеу. Оспанов мырза, бұл құрал, әсіресе, кәсіпорынды жаңартып-жаңғыртуды, өндіріс көрсеткішін ұлғайтып-өсіруді мақсат еткен компания үшін тиімді деп отыр. Ол, сондай-ақ ІРО негізінде қорландыру мүмкіндігін де еске салады. «Қазақстанда шағын және орта бизнестегі компаниялар арасынан ІРО алаңына шыққандары жоқ емес, өте аз, бірақ бар ғой, - дейді ол. - Бірақ бізде бұл арада ашықтық, айқындық мәселесі әлі де кенже қалып отыр. Мұндай жағдайда банктер де, әлеуетті инвесторлар да кредит-қолдаудан дәмелі компанияға қалай үміт артпақ?».

Ерлан Оспанов, бизнесті дамытуға қолдау көрсетіп отырған мемлекеттік бағдарламаларға жете мән беру керек дегенді де айтады. Бұл арада заемдық қаржыландыру да, капитал тарту мүмкіндігі де, гранттық жобалар да аз емес. «Мемлекет жария еткен бағдарламалармен дұрыстап танысып, оған қатысу жолдарына мұқият мән берген жөн. Әдетте бұл бағдарламалар әр түрлі институттар арқылы жүзеге асады, айталық министрліктер, «Даму» қоры, ұлттық агенттіктер мен мемлекеттік холдингтер, мемлекеттік ұйымдар арқылы. Мемлекеттік қолдаулар бизнестің әр санатына қарай әр түрлі болып келеді. Көп жағдайда экономиканың белгілі бір  саласын, не секторын дамытуға ден қояды», - деп кеңес береді әріптестеріне Ерлан Оспанов мырза.

  • Нравится

Комментарии к статье (0)

чтобы оставить комментарии.

Статьи по теме

  • Келешекке нық қадаммен

    Ел теміржолындағы реформалық өзгерістер «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамын да айналып өтпеді.

  • Кадеттер теңiзге шығуға дайын

    «Өкінішке қарай, теңіз саласына қатысты жоғары білікті мамандар жергілікті тұрғындар арасында тапшы. Әрине, жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ алып кемеде инженер болып еңбек ете алатын маман табу қиын...».

  • Болашақ бүгiннен басталады...

    Бүгінде мектептердегі кәсіби машықтандыру барысы педагогикалық үрдістің бір бөлігі болудан қалған. Өкінішке қарай, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандық не кәсіп таңдауда ерік-жігері мен мақсат-мүддесі мүлдем айқындалмаған.

  • Кiшкентай Әсемге шұғыл көмек қажет

    2015 жылдың қоңыр күзінде Екібастұзда тұратын Ахметжановтар отбасы ортаншы қыздары Әсемнің нефробластома, яғни бүйректің қатерлі ісігі дертіне шалдыққанын естіді. Тату-тәтті, бақытты отбасының өмірі дәрігерлердің диагнозынан кейін күрт өзгереді. 5 жасар Әсем шұғыл түрде Астанадағы Ұлттық Ана мен бала орталығына жатқызылып, химия терапия курсынан өте бастады...

  • Химия – «жасыл экономиканың» қозғаушы күшi

    «Жасыл экономика» жобасы аясында қазақ ғалымдары да бірегей ізденістерінің нәтижесін паш етіп, әлем елдерін тұрақты энергия көздерін басқаруды қамтамасыз ету мәселелерін бірлесе шешуге шақыруда.

  • «Тәуелсіздікті жырлаймын!»

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қазақ радиосында» «Шеврон» компаниясы мен WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты поэтикалық жоба жүзеге асырылуда.

  • Болашаққа нық сенiммен!

    Соңғы кездері жағдайы бар ата-аналар да кәсіптік білім беру мәселесіне қатысты бұрынғы көзқарастарын өзгерткен. Балалардың өздері де қандай да бір кәсіптік мамандықты игеріп, «онымен өзімді, отбасымды асырай алсам» деген оймен кәсіптік білім беру колледждеріне көптеп келіп жатыр...

  • Экономикалық iркiлiстен технологиялық өрлеуге дейiн

    Ұдайы күрделі жөндеуге тоқтатылатын ел ішіндегі мұнай өңдеу зауыттары технологиялық тұрғыдан жаңартылу аясында отандық ғалымдардың ізденістері мен пікір-ойына ара-кідік құлақ асып жатса, артық болмас еді...

  • Тарих тәжiрибенi кешiрмейдi...

    "Қазақстанда тарих пәні төңірегінде тәжірибе жүріп жатыр. Жоғарғы оқу орындарының бір бөлігі Қазақстан тарихын қысқартылған нұсқада оқуға көшті. Біз, тарихшылар мұнымен келіспейміз...".

  • Елена Никитина: Бақытты болғыңыз келе ме?

    Ана сүті бала үшін де, ана үшін де маңызды. Бұл мемлекет үшін де тиімді. Неге біз Швейцария, Германия немесе Ресейден сүт қоспасын алу үшін қаражат шығындауымыз керек?..