• Рабига Абдикеримова

    Журналист

  • 26 мая 2015

Теңгеге алдымен өзiмiз сенiм арту керекпiз...

 

Қазақстанның банк секторының бүгінгі жағдайы, даму қарқыны қай деңгейде? Бәсекелестік қабілетті арттыру үшін отандық банктер не әрекет етуде? «Нұрбанк» АҚ басқармасының төрағасы Қаңтар Орынбаев осы және өзге де мәселелер бойынша өз ойын ортаға салды.

Қаңтар Бекаралұлы, еліміздің банк нарығының өсу қарқынына қысқаша тоқталсаңыз...

- Өткен жылы банк жүйесінің активтері 18%-ға өскен болатын. Ал биыл біз айтарлықтай өсу қарқынын байқап отырған жоқпыз, керісінше активтер азайып барады. Байқауымызша, теңгенің өтімділігіне қатысты жағдай толық шешіліп бітпей, банктердің қоржынында айтарлықтай серпіліс бола қоймас.

Ал «Нұрбанк» туралы айтар болсақ, 2014 жылдың қорытындысы бойынша, бізде активтер 369,5 млрд теңгені, өсім – 46,2%-ды, несие қоржынының ауқымы 233,9 млрд теңгені құрады...

Яғни, банк секторындағы барлық мәселе теңгенің өтімділік деңгейіне келіп тіреледі дейсіз ғой?

- Қазақстанның банк секторындағы басты мәселе теңгенің өтімділігімен ғана шектелмейді. Дегенмен, теңге өтімділігі мәселесінің түйінді тұстары өте көп. Әрине, мемлекеттік бағдарламалар негізінде ақша бөлініп, көптеген мәселе біртіндеп өз шешімін тауып жатыр. Біз мұны жоққа шығармаймыз, әйтсе де бөлініп жатқан ақшамен салыстырғанда, теңге массасының тарылу ернеуі айтарлықтай ауқымды, сол себепті де ол бұл мәселені толыққанды шешіп бере алмайды.

Бұл мәселені шешу үшін не істеуге болады? Қалай дегенмен, теңгенің өтімділік деңгейіндегі әлсіздікке ішкі жағдайдан бұрын, мұнай бағасына, рубльге қатысты сыртқы факторлар ықпал етіп отыр емес пе?..

- Сөзіңіздің жаны бар, бұл мәселенің ішінде, сонымен қатар, әрине, мұнай бағасының төмендеуі де, рубльдің құнсыздануы да жоқ емес. Бірақ ұлттық валютаға деген сенім мәселесі тікелей біздің өзімізге, яғни ішкі жағдайға қатысты. Бүгінде ел үкіметі мен Ұлттық банк долларсыздандыру шарасына ден қоюда. Неге десеңіз, бізде заңды тұлғалар да, жеке тұлғалар да ұлттық валютадан гөрі шетелдік валютаға көбірек үміт артып, ақшаларын теңге түрінде емес, шетелдік валюталарда сақтағанды жөн көреді. Сол себепті де банктерде сақталатын ақшаның дені шетел валютасын құрап, отандық банктердің ұлттық валютада кредит беру мүмкіндігі шектеле түседі.

- Бүгінде сарапшылардың ұлттық валюта төңірегіндегі пікірлері сан алуан. Біреулері бір сәттік девальвация қажет десе, екіншілері теңгені құнсыздандыруға үзілді-кесілді қарсы, ал тағы бір топ – теңгені еркін айналымға жіберу керек деп есептейді. Ел үкіметі теңге девальвациясын болдырмаймыз деп уәде еткенімен, бүгінде бұл уәдеге күдік келтірушілер де аз емес...

- Мен теңгені еркін айналымға жіберу керек деген пікірмен толық келісемін. Меніңше, бұл дұрыс идея, дұрыс жол. Бір сәттік девальвация, былайша айтқанда, біздің бүгінгі қалыптасқан жағдайға берген бір сәттік жауабымыз іспетті. Иә, бізде, егер девальвация жүзеге асып жатса, онда девальвация алдындағы күдік-күмән біртіндеп сейіліп, бәрі де өз орнына келеді деп есептейтіндер жоқ емес. Бірақ жағдай шын мәнінде солай өрби ме, жоқ па, ол жағы қазір беймәлім. Бір сәттік девальвацияның соңы қалай аяқталмақ, бұл шараға халық не дейді, қалай қабылдайды? Оны ешкім дәл қазір дөп басып айта алмайды. Меніңше, біз қазір теңгенің еркін айналымына аспай-саспай, бекем әзірленіп, оны жүзеге асырудың дұрыс сәтін таңдай білу керекпіз.

Теңгені еркін айналымға жіберу барысында да ұлттық валюта құнсызданбай қоймайды...

- Еркін айналым аясында валюта бағамына нарық ықпал етеді. Иә, теңге еркін айналымға шыққан тұста ұлттық валютаның бағамы жоғары өрлеп, мысалға, бір долларға 210 теңгені құрауы да әбден мүмкін. Бірақ артынша, нарықтық факторлардың ыңғайымен валюта бағамы қайта төмен құлдырауы тағы ықтимал. Айталық, бір долларға 180 теңге деңгейіне дейін. Бұл арада, ең басты мәселе – валюта бағамының қалыптасуына мемлекеттік органдар араласпауы тиіс. Яғни, Ұлттық банк доллар бағамының қалыптасуына, бағамдық толқулар мен ауытқуларды тегістеуге белсене араласа бермеу керек. Валюталар бағамындағы құлдырауға мұнай бағасы әсер еткен жағдайда, әрине, үкіметке, үйлестіруші органдарға еш сұрақ  жоқ. Бұл – нарық, бәрі де түсінікті. Ал егер бұл шараны Ұлттық банк бір сәтте жүзеге асырып жатса, онда халық көңілінде күдік ұялайды, яғни бұл шешім билік басындағы ат төбеліндей топтың шешімі емес пе екен деген тұрғыда. Ал еркін айналымдағы бағам бойынша ешкім де нақты болжам айта алмайды, өйткені бұл жағдайда теңге бағамы шенеуніктерге тәуелді емес деген сөз.

Банк секторындағы тағы бір өзекті мәселе – нашар кредиттердің көлемін азайту деген төңіректе өрбіп отыр...

- Иә, нашар кредиттердің үлес ауқымы әзірше енді-енді азайып келеді, бірақ, егер девальвация орын алып жатса, онда нашар кредиттердің деңгейі ұлғая түспек.

Ал банктерді біріктіру шарасы өзге банктерге қалай әсер етті? Біріктіру туралы сөз ете бастағанда, бұл шара орташа және шағын банктердің дамуына жол ашады дегендей де ой айтылған болатын...

- Біріктіру аясында өзге банктер айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді деп айта алмаймын. Әрине, егер теңге өтімділігіне қатысты қиындықтар болмаса, онда ірі банктерді біріктіру жүріп жатқанда, орташа және шағын банктер нарық ішін белсенді түрде кредиттеуге кіріскен болар ма еді, кім білсін? Алайда, біріктіру барысында біз де, олар да айтарлықтай ұтыс тапқан жоқпыз. Өйткені теңгенің жетіспеуі себепті, біз  кең ауқымда клиент тарта алмадық.  Біз үшін бұл кезеңде ағымдағы клиенттер алдындағы міндеттемелерді сақтап қалу маңыздырақ болды.

Қалай ойлайсыз, нарық ішіндегі тұғырын нығайтып, жаңа белестерді қамту үшін отандық банктер тарапынан қолданылып, жүзеге асып жатқан жаңа құралдар, жаңа бағыттар жеткілікті ме?

- Жаңа трендтің бірі – қашықтан қызмет көрсету жүйесі қолға алынғалы біраз болғанымен, дәл қазір буырқана дамып келе жатқан өнім және де, меніңше, алдағы күні бұл бағыттағы өнім түрлерінің ауқымы да, таралу аясы да арта түспек...

Бұл бағыт «Нұрбанкте» қалай қолданылады?

- Әлбетте, біздің банк те бұл бағыттағы өз өнімдерін әрі қарай дамытуда. Әдетте, әр банк өз клиенттеріне арнап және жаңа клиенттер тарту үшін өзіндік бір ерекше тәсіл ойлап табуға тырысады. Мысалға, «Нұрбанктің» Nur Club Дисконттық клубы біздің банктің осы тұрғыдағы өзіндік ерекше тәсілі. «Нұрбанк» карточкасының иегерлері бірқатар сауда орындарында не жанармай станцияларында жеңілдіктерге ие бола алады. Және де бұл клиентке сауда барысында берілетін нақты жеңілдік, яғни карточкаға есептелінетін бонус емес. Айталық, «Француз үйі» сынды өзге де бірқатар сауда орындарында «Нұрбанк» карточкасымен есеп айырысқан жағдайда біздің клиентімізге елеулі жеңілдік ескерілген. Алдағы уақытта Helios жанармайына жеңілдік беру мүмкіндігі де жоспарда бар.

«Нұрбанк» өз қоржынындағы шағын және орта бизнес үлесін  3%-ға арттырғанын білеміз. Шағын кәсіпкерлікке қатысты банк тарапынан ерекше жеңілдіктер, басымдықтар ескерілген бе?

- Шағын және орта бизнес өкілдеріне біздің банк ұсынып отырған қызмет түрінің бірі – келісімшарттық қаржыландыру тәсілі.  Бұл өнім, айталық, қолындағы кепілдік базасы жеткіліксіз, бірақ ірі компаниялармен, мемлекеттік не квазимемлекеттік компаниялармен арада келісішарты бар клиенттерге арналған. Былайша айтқанда, «сенімді тапсырыс берушісі» бар компанияларға өзіндік ерекше ұсыныс деуге болады. 

Мысалға, компания, айталық, «Қазатомөнеркәсіп» үшін жол не белгілі бір құрылыс нысанын салып жатыр дейік. Біз бұл компания банк алдындағы өз міндеттемесін толық орындай алатынына көз жеткізу керекпіз, бұл үшін оның нарық ішінде мол тәжірибесі және мықты беделі болуы тиіс. Мұндай жағдайда біз бұл компанияға кепілзатсыз кредит бере аламыз, яғни бұл арда  аталған компанияның ірі компаниямен арадағы келісімшарты та, жағымды кредиттік тарихы да, білікті мамандары мен техникалық жабдықталу көрсеткіші де кепілзат ретінде қарастырылуы мүмкін деген сөз. 

Қолында ақшасы жоқ шағын бизнес өкілі «Қазатомөнеркәсіп» тендерінде жеңімпаз атанады деген өте күмәнді.  Ал Сіздің банкке келген клиенттің қолында нақты келісімшарт болуы керек... Сол сияқты, ірі компания тендерінің жеңімпазына банктік қаржыландыру қаншалықты қажет?

- Келісімшарттық қаржыландырудан үмітті компаниялар бізден тек кредит алу үшін келмейді, оларға көп жағдайда кепілдік керек. Ал жоғарыдағы мысалға қайта оралар болсақ, «Қазатом өнеркәсіп» компанияға аванстық төлем береді, бірақ егер жоба сәтсіздікке ұшырап жатса, онда ол өз ақшасын қайтарып алатынына нық сенім артқысы келеді. Осы тұста аванстық төлемнің қайтарылатынына банк ретінде біз кепілдік береміз. Ең соңында, яғни құрылыс нысаны салынып біткен соң, «Қазатомөнеркәсіп» ақшасын төлейді де, бұл қаражат кредитті өтеу шотына келіп түседі. Ал қалған ақшаны біз қарызгердің өзіне береміз.

«Нұрбанкке» басшылық қызметке келген тұста, Сіз алдағы жылдарға белгіленген шаралар барысында клиентке бағдар алу – басты мәселе дегендей пікір айттыңыз. Ойдағы жоспар түгел жүзеге асты ма?

- Клиентке бағдар алу дегенді қолмен ұстап, оның түрін түстеп, бағалау оңай шаруа емес. Бұл өте ауқымды шара, бұл үшін біз арнайы тәуелсіз компания жалдадық, ол бізге «құпия сатып алушыдан» алынған мәліметтер негізінде есеп әзірлеп берді. Есеп нәтижесі бойынша, мысалға, 2013 және 2014  жылдары жүргізілген тексеру барысында қалыптасқан жалпылама индекс  69-дан 71 тармаққа дейін өскені белгілі болды. Бұл индекс өлшемін нақты өнім аясында қарастырар болсақ, мысалға, заңды тұлғалар депозиті бойынша қызмет түрлері 68-ден 78-ге, кассирлердің жұмысы 70-тен 77-ге дейін, заңды тұлғаларға есепшот ашу 72-ден 75 тармаққа дейін өскеніне көз жеткіздік. Басқа сегменттер бойынша өсім көрсеткіші айтарлықтай емес. Бірақ ең бастысы, біз алдағы бағыт-бағдарларды түгел анықтап, белгілеп отырмыз, ендеше еңсерер белестер де әлі алда деген сөз, ал біз оған қашанда дайынбыз деп толық сеніммен айта аламыз.

Сұхбатыңызға рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!

  • Нравится

Комментарии к статье (0)

чтобы оставить комментарии.

Статьи по теме

  • Келешекке нық қадаммен

    Ел теміржолындағы реформалық өзгерістер «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамын да айналып өтпеді.

  • Кадеттер теңiзге шығуға дайын

    «Өкінішке қарай, теңіз саласына қатысты жоғары білікті мамандар жергілікті тұрғындар арасында тапшы. Әрине, жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ алып кемеде инженер болып еңбек ете алатын маман табу қиын...».

  • Болашақ бүгiннен басталады...

    Бүгінде мектептердегі кәсіби машықтандыру барысы педагогикалық үрдістің бір бөлігі болудан қалған. Өкінішке қарай, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандық не кәсіп таңдауда ерік-жігері мен мақсат-мүддесі мүлдем айқындалмаған.

  • Кiшкентай Әсемге шұғыл көмек қажет

    2015 жылдың қоңыр күзінде Екібастұзда тұратын Ахметжановтар отбасы ортаншы қыздары Әсемнің нефробластома, яғни бүйректің қатерлі ісігі дертіне шалдыққанын естіді. Тату-тәтті, бақытты отбасының өмірі дәрігерлердің диагнозынан кейін күрт өзгереді. 5 жасар Әсем шұғыл түрде Астанадағы Ұлттық Ана мен бала орталығына жатқызылып, химия терапия курсынан өте бастады...

  • Химия – «жасыл экономиканың» қозғаушы күшi

    «Жасыл экономика» жобасы аясында қазақ ғалымдары да бірегей ізденістерінің нәтижесін паш етіп, әлем елдерін тұрақты энергия көздерін басқаруды қамтамасыз ету мәселелерін бірлесе шешуге шақыруда.

  • «Тәуелсіздікті жырлаймын!»

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қазақ радиосында» «Шеврон» компаниясы мен WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты поэтикалық жоба жүзеге асырылуда.

  • Болашаққа нық сенiммен!

    Соңғы кездері жағдайы бар ата-аналар да кәсіптік білім беру мәселесіне қатысты бұрынғы көзқарастарын өзгерткен. Балалардың өздері де қандай да бір кәсіптік мамандықты игеріп, «онымен өзімді, отбасымды асырай алсам» деген оймен кәсіптік білім беру колледждеріне көптеп келіп жатыр...

  • Экономикалық iркiлiстен технологиялық өрлеуге дейiн

    Ұдайы күрделі жөндеуге тоқтатылатын ел ішіндегі мұнай өңдеу зауыттары технологиялық тұрғыдан жаңартылу аясында отандық ғалымдардың ізденістері мен пікір-ойына ара-кідік құлақ асып жатса, артық болмас еді...

  • Тарих тәжiрибенi кешiрмейдi...

    "Қазақстанда тарих пәні төңірегінде тәжірибе жүріп жатыр. Жоғарғы оқу орындарының бір бөлігі Қазақстан тарихын қысқартылған нұсқада оқуға көшті. Біз, тарихшылар мұнымен келіспейміз...".

  • Елена Никитина: Бақытты болғыңыз келе ме?

    Ана сүті бала үшін де, ана үшін де маңызды. Бұл мемлекет үшін де тиімді. Неге біз Швейцария, Германия немесе Ресейден сүт қоспасын алу үшін қаражат шығындауымыз керек?..