• Рабига Абдикеримова

    Журналист

  • 18 мая 2015

Ләззат Ибрагимова. Негізгі мақсат – кәсіпкердің жағдайын жасау

 

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2015 жылдың наурыз айында Ұлттық қордан 50 млрд теңге көлемінде үшінші транш бөлініп, аталған қаражат екінші деңгейдегі банктер арқылы отандық өндірісшілерге 6%-дық жеңілдетілген кредит түрінде беріле бастады. «Даму» Кәсіпкерлерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова ханыммен арадағы әңгіме осы транш төңірегінде, даму институттарының жұмыс тетіктерін жетілдіру жөнінде және отандық кәсіпкерлердің түйінді мәселелері тұрғысында өрбіді.

- Ләззат Еркінқызы, Сіздіңше, отандық кәсіпкерлердің алдындағы бүгінгі күннің басты түйінді мәселелері қандай? Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін, мысалға негізгі үш проблеманы көрсетіп бересіз бе?

- Бүгінде біздің кәсіпкерлердің ең басты проблемасы, меніңше, бәсекелестік қабілет төңірегінде болса керек, яғни өнімнің өзіндік құны мен оның бағасының тиімді арасалмағы дегенге келіп тіреледі. Ресей рублінің құнсыздануы бұл мәселені біршама шиеленістіріп жібергені рас. Сондықтан да қазір отандық кәсіпкерлерге, ең алдымен, төзімділікке негізделген берік қор керек дер едім.

Мұндай берік қор қалыптастыру үшін не істеген дұрыс?

- Жаңа технологиялар қолдану, шығындарды азайту, оның ішінде тұрақты шығындарды да, персоналмен жұмысты жандандыру, әкімшілік шығындарды қысқарту – осылардың бәрі де мызғымас берік қор қалыптастыруға мұрындық бола алады. Әрине, бір қарағанда бұл шаралар базалық болып көрінуі де мүмкін, бірақ көп жылғы тәжірибе көрсетіп отырғандай, дағдарыс кезеңінде дәл осы талаптар мен шаралардың өзектілігі арта түседі.

- Өзіңіз де естіп жүрген боларсыз, бүгінде отандық өнім өндірушілер сырттан келетін келеңсіз, арзан импортпен арадағы тиімсіз бәсекелестік мәселесін алға тартып, дабыл қағуда...

- Бұл мәселе кеден органдары тарапынан атқарылып жатқан шаралар аяасында өз шешімін табады деп ойлаймын. Шындап келгенде, келеңсіз импорт, контрафактілер туралы мәселелер әлем елдерінің бәріне де тән және де бұлармен күрес жолдары да бұрыннан белгілі...

Мәселен?

- Мәселен, кеден қызметін түгелдей автоматтандыру қажет, айталық, кеден арқылы өтетін барлық өнімді автоматтық жолмен сканерлеу керек. Бірақ бұл арадағы екінші мәселе – келеңсіз импортты отандық нарыққа тасушылар да кәсіпкерлер екенін ұмытпайық.  Ендеше бұл мәселеде дұрыс шешім таба білу керек.

Ләззат ханым, үстіміздегі жылдың наурыз айында  Ұлттық қордан 50 млрд теңге көлемінде кезекті үшінші транш бөлінгені белгілі. Аталған қаражат өндірісшілерге арналған 6%-дық жеңілдетілген кредитке жұмсалуы тиіс. Бұл транш әу бастан наурыз айына белігленді ме әлде белгіленген мерзімнен бұрын аударылды ма?

- Ұлттық қордан транш бөлу кезеңі, жалпылай алғанда, 2015 жыл деп жоспарланған болатын. Бірақ отандық кәсіпкерлер тарапынан банктерге келіп түскен өтініш ауқымы өте көп болғандықтан: 169 млрд теңгеге – біз бұл шараны барынша жеделдетіп жүзеге асырғанды жөн көрдік, яғни қарызгерлер ұзынсонар кезек күтіп қалмасын деп. Қазір банктер әлі де екінші траншты жүзеге асыруда, соған қарамастан біз үшінші транштың қаражатын бөлу туралы шешімге келдік. Енді осы ақшаға қол жеткізген кәсіпкерлер қандай да бір күйзеліс, селкіністерге қарамастан, жыл бойы тыныш жұмыс істей алады деген сөз.

Қателеспесек, транш теңге түрінде бөлініп отыр, ендеше валюта тұрақсыздығына қатысты тәуекелдер кімнің мойнына жүктелген?

- Иә, транш түгелдей теңге түрінде. Бұл Ұлттық қордың ақшасы, ендеше барлық қаражат тек ұлттық валютамен бөлінеді деген сөз. Ал валюталық не өзге де тәуекелдер тұтасымен екінші деңгейдегі банктерге жүктелген. Ертеңгі күні қарызгерлер алған ақшаны қайтарып беруі үшін, банктер олар ұсынған жобаның тиімділігін, табыстылығын, рентабельділігін толыққанды тексеріп, сүзгіден өткізуге тиіс болады. Өз тарапынан «Даму» қоры бұл ақшаның қайтарымын бақылауға алып, қайтарылған қаражат кейін өзге қарызгерлерге кредит ретінде берілуін қадағалап отыр. Мысалға, өткен жылдың сәуір айында бөлінген 100 млрд теңгенің бүгінде 5 млрд теңгесі банктерге қайтып оралып, оның 3 млрд теңгесі өзге кәсіпкерлерге кредит ретінде беріліп те үлгерілді. Қалған 2 млрд теңге өз кезегін күтіп отыр.

Ақшаны қайтару тетігін ептеп түсіндіре кетсеңіз...

- Мысалға, екі кәсіпкер банктен 6% мөлшерлемесі бар кредит алды дейік. Бірінші кәсіпкер аспаздықпен айналысса, екіншісі – тігін шеберханасын ашты деп пайымдайық. Айталық, екі айдан кейін бірінші кәсіпкердің жеңілдік кезеңі аяқталып, ол арнайы кестеге сай, алған ақшасының белгілі бір бөлігін қайтаруы тиіс және дер кезінде қайтарады да. Ақшаның қайтарылғанына көз жеткізген соң, біз, банкке бұл қаражатты өзге қарызгерге, яғни тиімді жоба ұсынған басқа кәсіпкерге беруді ұсынамыз...

Бұл арада да кредит мөлшерлемесі 6%-ды құрай ма?

- Иә. Бар гәп осында. Әрине, бұл қаржы ауқымы соншалықты көп болмаса да, ол тек мақсатты түрде ғана пайдаға асып отыр деп сеніммен айта аламын.

Ұлттық қордың ақшасын игеру барысында банктер тарапынан қиындықтар туындаған жоқ па? Жалпы, кредит беру барысында банктердің өз пікір, ілтипаты ескеріле ме, мысалға кімге және қандай негізде бөлуге болады деген тұрғыда?

- Банктердің алдында туындап отырған басты мәселе — тамақ өнеркәсібі саласына қатысты жобаларды қаржыландыруға келіп тірелуде. Өздеріңіз де білесіздер, мемлекет талабы бойынша, Ұлттық қордан ақша алған банктер алған соманың 25%-ын тамақ өнімін өндіретін отандық кәсіпкерлерге бөлуі тиіс. Бұл талап банктер тарапынан орындалуда, бірақ толыққанды деуге келмейді. Былайша айтқанда, қазір банктер тамақ өнеркәсібіне қатысты жобаларға іздеу салуда. Таяу арада «Қазкоммерцбанк» қайтарылған қаражат есебінен тек қана тамақ өнеркәсібі жобаларын қаржыландыратын болады. Ұлттық қордың ақшасын тамақ өнеркәсібін жандандыруға пайдалану шарасы «Қазақстанда жасалған» атты акциямен қатар келгенін де ұмытпайық.

Қаржы-қаражат тарту тұрғысынан алғанда қазір тамақ өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлер үшін біршама қолайлы жағдай туындап отыр, әсіресе, өндірісті қалыпқа келтіру үшін. Бірақ өнім сату тұрғысынан келгенде, жағдай соншалықты тиімді деп айта алмаймын. Әйтсе де, өмір бір орында тұрмайтыны белгілі. Сондықтан да олар қазір дереу қимылдап, бәрін дұрыс есептеп, өндірістің рентабельділігін арттыру үшін не істеу керек деген мәселеге барынша көңіл бөлгендері дұрыс.

Тамақ өнімін өндірушілерге қатысты талаптан басқа, «Даму» қоры  банктерге кредиттеу барысында қандай да бір талап қоя ма? Мысалға, шағын және орта бизнес субъектісін кредиттеу сомасын шектеу тұрғысында немесе белгілі бір банкке қатысты?

- Жоқ, өзге талаптар ескерілмеген, барлық банктерге қойылатын өлшемдер бірдей. Біздің талабымыз осы. Бірақ, әрине, тәуекелдерді әр тарапқа бөліп, нығайту өте маңызды. Мысалға, бірінші транш аясында «Халық банкі»  20 млрд теңге алып, 104 қарызгерді қаржыландырды. Ал осы кезеңде «Цеснабанк» бар болғаны 22 қарызгерді қаржыландырып, олардағы орташа көлем миллиард теңге шамасын құрады. Яғни, «Цеснабанк» көбінесе орта бизнеспен, ал «Халық банкі» шағын бизнеспен жұмыс істейді деген сөз.

Бірақ біз үшін компанияның біртіндеп өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жобалардың басымдылық маңызы зор. Бұл тұрғыда бізге «Халық банкінің», «ЦентрКредит Банкінің», Сбербанктің арнайы өнімдері ұнайтынын жасырмаймыз. Олар бизнес саласына енді ғана аяқ басқан кәсіпкерлердің стартап жобаларын да қаржыландырады. Біз мұндай банктерді барынша қолдауға тырысамыз.

Қазір біз өтініштерді толтыру және жолдау саясатын барлық банктерде белгілі бір деңгейге келтіріп, бірыңғай етсек деп отырмыз. Бұл, ең алдымен, қарызгер кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ, олар бір кезеңде бірнеше банкке өтініш жолдай алады. Ал кәсіпкердің жобасын мейлінше жедел қанағаттандыра алған банк, ең мықты қарызгерге қол жеткізе алады деген сөз.

Бұл шара қашан жүзеге асуы мүмкін?

- Бұл тұрғыдағы жұмыс ауқымы жыл бойы жалғаса бермек. Қазір «Бәйтерек» холдингі мақұлдап берген жоба аясында біз «Даму» қорын басқару және өзгерту жолында Адизес институтымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Біз өз қаржы өнімдерімізді мейлінше жетілдіру жағын ойластырудамыз. «Даму» қоры – айтарлықтай танымал даму институты. Оған берілетін баға және рейтинг деңгейлері көңілге қонымды. Бірақ біз бір орында тұрып қалғымыз келмейді, біз өз мүмкіндіктерімізді әрі қарай тереңдете жүзеге асырып, бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізсек дейміз.

Иә, «Даму» қоры — бүгінде өзге де даму институттарына үлгі бола алады...

- Қазір «Қазагроның» Агрокредиттік корпорациясын «Даму» қоры негізінде құру туралы ұсыныстар бар. Ол тікелей кредиттеумен емес, қаржыны банктер арқылы шартталған негізде орналастырумен айналысатын болады. Сол сияқты, Қазақстанның даму банкі де бүгінде банкаралық кредиттеу нарығына шығып, бізге тән тетік құралдарын қолдануда. Аталған құралды алғашқы болып қолданған ұйым ретінде біз енді әрі қарай жылжу керекпіз деп есептейміз. Бізде қор ішіндегі барлық үрдістердің бірыңғай мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Ендігі кезекте, біз, кәсіпкерлер үшін мейлінше қолайлы, ыңғайлы жағдай жасауды ойластырып, өтініш формасын барлық банктерде бір негізге келтіру тұрғысында ізденіп жатырмыз, тіпті, мемлекет ақшасы бойынша бірыңғай кредиттік саясат құру мәселесіне де көңіл бөлудеміз. Әрине, бұл оңай шаруа емес, бұл үшін барлық банктермен келісе әрекет ету керек болады. Бірақ біз бұл бағытта аянбай жұмыс істеп, белгілі бір нәтижеге келе аламыз деген үміттеміз.

Бірыңғай жүйе нақты қандай мәселелерді шеше алады?

- Бұл жүйе бізге, ең алдымен, банктердің өтініштерді таразылау мерзіміне түпкілікті қадағалау орнатуға мүмкіндік береді. Мысалға, қазір аймақтардан хабарласқан бірқатар кәсіпкерлер, банктер олардың жобаларын өте ұзақ қарайтынын айтып шағымдануда, кейде, тіпті, үш айға дейін созылып кететін көрінеді.  Егер өтініш беру бірыңғай формамен берілетін болса, онда қарызгер өз құжаттарын бір кезеңде бірнеше банкке жолдай алады. Сонда біз өтініштерді қарау мерзімін қай аймақта, қай банк қаншалықты созып отырғанын анық байқай аламыз, соған сәйкес оның себебін де анықтайтын боламыз.

Сіздіңше, өтініштерді қарау мерзімінің ұзаққа созылуына не себеп?

- Бұл арада банктердің аймақтық бөлімшелеріндегі бизнес барысының дұрыс жолға салынбауы, реттелмеуі де себеп болуы мүмкін, не болмаса кәсіпкерге қатысты  біржақты пікір, көзқарас қалыптасуы да ықпал етуі әбден ықтимал. Бірақ біздің бағдарламаларымыз кәсіпкерлер үшін мейлінше ыңғайлы болғаны өте маңызды. Біз қаржылық есебі ашық, бухгалтерлік есебі дұрыс, салықтары дер кезінде төленген сенімді компаниялар үшін бірыңғай жүйе қалыптастырғымыз келеді, сөйтіп, олар мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржы көздеріне қол жеткізу мүмкіндігіне ие болғанын қалаймыз. Және де бұл бағдарлама, айталық, банктің өз ұсыныстарымен салыстырған, мейлінше оңай әрі тиімді жолмен жүзеге асса дейміз.

Мәлiмет

Отандық өнім өндірушілерге жеңілдетілген кредит беру мақсатындағы үшінші транш қаражаты «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы бөлінді. «Бәйтерек» холдингі облигация шығару жолымен Ұлттық қордан қарыз алып, «Даму»  Кәсіпкерлікті қолдау қоры» акционерлік қоғамына 50 млрд теңге көлемінде кредит ұсынды. Өз кезегінде «Даму» қоры аталған қаражат ауқымын серіктес банктерде кредит ретінде 20 жылға орналастырып, мерзім соңында бірыңғай сомамен өтеу талабын қойып отыр.

  • Нравится

Комментарии к статье (0)

чтобы оставить комментарии.

Статьи по теме

  • Келешекке нық қадаммен

    Ел теміржолындағы реформалық өзгерістер «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамын да айналып өтпеді.

  • Кадеттер теңiзге шығуға дайын

    «Өкінішке қарай, теңіз саласына қатысты жоғары білікті мамандар жергілікті тұрғындар арасында тапшы. Әрине, жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ алып кемеде инженер болып еңбек ете алатын маман табу қиын...».

  • Болашақ бүгiннен басталады...

    Бүгінде мектептердегі кәсіби машықтандыру барысы педагогикалық үрдістің бір бөлігі болудан қалған. Өкінішке қарай, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандық не кәсіп таңдауда ерік-жігері мен мақсат-мүддесі мүлдем айқындалмаған.

  • Кiшкентай Әсемге шұғыл көмек қажет

    2015 жылдың қоңыр күзінде Екібастұзда тұратын Ахметжановтар отбасы ортаншы қыздары Әсемнің нефробластома, яғни бүйректің қатерлі ісігі дертіне шалдыққанын естіді. Тату-тәтті, бақытты отбасының өмірі дәрігерлердің диагнозынан кейін күрт өзгереді. 5 жасар Әсем шұғыл түрде Астанадағы Ұлттық Ана мен бала орталығына жатқызылып, химия терапия курсынан өте бастады...

  • Химия – «жасыл экономиканың» қозғаушы күшi

    «Жасыл экономика» жобасы аясында қазақ ғалымдары да бірегей ізденістерінің нәтижесін паш етіп, әлем елдерін тұрақты энергия көздерін басқаруды қамтамасыз ету мәселелерін бірлесе шешуге шақыруда.

  • «Тәуелсіздікті жырлаймын!»

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қазақ радиосында» «Шеврон» компаниясы мен WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты поэтикалық жоба жүзеге асырылуда.

  • Болашаққа нық сенiммен!

    Соңғы кездері жағдайы бар ата-аналар да кәсіптік білім беру мәселесіне қатысты бұрынғы көзқарастарын өзгерткен. Балалардың өздері де қандай да бір кәсіптік мамандықты игеріп, «онымен өзімді, отбасымды асырай алсам» деген оймен кәсіптік білім беру колледждеріне көптеп келіп жатыр...

  • Экономикалық iркiлiстен технологиялық өрлеуге дейiн

    Ұдайы күрделі жөндеуге тоқтатылатын ел ішіндегі мұнай өңдеу зауыттары технологиялық тұрғыдан жаңартылу аясында отандық ғалымдардың ізденістері мен пікір-ойына ара-кідік құлақ асып жатса, артық болмас еді...

  • Тарих тәжiрибенi кешiрмейдi...

    "Қазақстанда тарих пәні төңірегінде тәжірибе жүріп жатыр. Жоғарғы оқу орындарының бір бөлігі Қазақстан тарихын қысқартылған нұсқада оқуға көшті. Біз, тарихшылар мұнымен келіспейміз...".

  • Елена Никитина: Бақытты болғыңыз келе ме?

    Ана сүті бала үшін де, ана үшін де маңызды. Бұл мемлекет үшін де тиімді. Неге біз Швейцария, Германия немесе Ресейден сүт қоспасын алу үшін қаражат шығындауымыз керек?..