• Рабига Абдикеримова

    Журналист

  • 30 января 2015

Экономика: таңдау жасайтын кез келдi

 

Еуропаның қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), Ресейдегі экономикалық дағдарыс  көрші мемлекеттерге де ықпал етпей қоймайды деген болжам жасады. Банк есебінде, дағдарыс салдары мұнай экспорттаушы елдерде де (мысалға, Қазақстан мен Әзірбайжан), импорттаушы елдерде де сыр беретіні анық айтылған. ЕҚДБ болжамынша, 2015 жылы Қазақстанның ІЖӨ көрсеткішінің өсімі бар болғаны 1,5%-ды құрауы мүмкін.

Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев, Ресей валютасының құлдырауы қазақ нарығында ептеген дүрбелең туғызғанын жоққа шығармайды. Сарапшы бұл тұрғыда, Қазақстан кәсіпкерлері ұлттық палатасы тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету жөнінде ел үкіметіне жасаған мәлімдемесін мысал етеді. Дегенмен, Досым Сәтпаевтың пікірінше, отандық бизнес өкілдерінің кей ұсыныстары Еуразиялық экономикалық одақ принциптеріне қайшы.

«ҚР КҰП, одақ келісімінде Қазақстанға өз нарығын қорғауға мүмкіндік беретін тұстар бар дегенді алға тартады. Бұл рас, бірақ Беларусь Ресеймен арадағы кедендік шекараны қалыпқа келтіргенде, Ресей де тартынып қалған жоқ, кедендік бақылауды одан сайын күшейте түсті. Ендеше, кезінде Кеден одағы мен ЕЭО құруға негіз болған ережелер дәл қазір іске асып жатқан жоқ деген сөз. Әрине, Ресейдегі жағдай Қазақстан нарығын да айналып өтпейді. Айталық, біздің кәсіпорындардың бірқатарының (әсіресе, шикізат өндіруші) өнімдеріне деген сұраныс қазірден-ақ төмендеп кетті. Бірақ біз ел экономикасына ықпал етуі ықтимал өзге де факторларды ұмытпау керекпіз. Қазір, мысалға, Қытай экономикасының қарқыны бәсеңдеп барады. Соған сәйкес бұл елге бағытталған Қазақстан экспорты да қысқарады деген сөз. Әлбетте, мұнай бағасындағы құлдырау тағы бар. Меніңше, Ұлттық банктің басын қатырып отырған басты мәселе де қазір Ресей рублі емес, мұнай бағасы болса керек. Рас, ел үкіметі мұнай бағасы 30-40 долларға дейін жеткен жағдайды да ескеріп,  антикризистік шаралар әзірлеп жатыр. Бірақ Қазақстан мұнайының өзіндік құны бір баррельге 55 АҚШ доллардан келеді, яғни мұнай бағасы өзіндік құннан төмен деңгейге аунап түссе, онда ел бюджетінің жағдайы қиындай түседі», - дейді Досым Сәтпаев.

Әйтсе де, сарапшы маман, Ресейдегі жағдайдың Қазақстан экономикасына тиімді тұстары да жоқ емес дегенді де алға тартады. Қалай дегенмен, посткеңестік аумақта инвестициялық тартымды елдер аса көп емес.

«Былтыр E&Y компаниясы инвесторлар арасында зерттеу жүргізіп, онда посткеңестік елдердің инвестициялық тартымдылығы туралы әңгіме қозғады. Зерттеу қорытындысында белгілі болғандай, кезінде біздің елде жұмыс істеген инвесторлар инвестициялық тартымдылық көрсеткіші бойынша Қазақстан бірінші орында деген пікір айтқан. Ал Қазақстан нарығына келуді енді ғана жоспарлап отырған әлеуетті инвесторлар біздің елімізді үшінші орынға қойған. Бірақ дәл қазір, яғни Украинадағы экономикалық жағдай ушығып, Ресей экономикасы тығырыққа тірелген тұста – Қазақстан, тіпті ІЖӨ көрсеткіші төмендеген күннің өзінде де біршама тартымды көрінбек. Айтқандай-ақ, былтыр біз инвестициялық заңнамаға бірқатар өзгеріс енгіздік. Сондықтан да шетел инвестициясының бір бөлігі біздің нарыққа қарай ығысады деген де үміт жоқ емес», - дейді Сәтпаев мырза.

«Бейнетің қатты болса, Татқаның тәтті болар» демекші, Досым Сәтпаев қандай да бір дағдарысты жағдайдан жаңа сабақ алуды да ұмытпау керек дегенді ескертеді.

«Қазір бізге мұнай бағасына телміруді қойып, нақты шара қолдануға көшкен дұрыс. Бір сәт болса да, бізде не мұнай, не газ, не өзге шикізат жоқ деп елестетіп көрейікші. Сонда не істер едік?! Әлбетте, шикізатты емес салаға қарай бет бұрар едік. Қазақстан экономикасын шикізатты саладан шикізатқа негізделмеген салаларға ыңғайластыратын кез келді. Бұл үшін қаптаған көп жобаға бей-берекет қаржы салудың қажеті жоқ. Бар болғаны тікелей бір нарыққа, өнімге, тұтынушыға, бәсекелестік қабілетке негізделіп есептелген нақты жобаларды таңдап алу керек. Дамыту бағдарламалары да тікелей бір бағытқа негізделсін. Олардың саны, тіпті бесеу-ақ болсын, бірақ қаржы және адам капиталы тұрғысынан алғанда мемлекет барынша көңіл бөліп, басымдық берген бағдарлама болсын.

Екінші мәселе – еліміз шағын және орта бизнеске барынша көмек беріп, қолдау көрсетуі керек. Әсіресе, дәл қазір. Бізде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі бар болғаны 17% ғана. Орта кәсіпкерлікті дамытпай, біз өзіміз жыр етіп жүрген инновациялық экономикаға қол жеткізе алмаймыз. Ал егер біз, кезінде, инновациялық нарықтың негізін ірі корпорациялар құраған Оңтүстік Корея мен Жапония сынды елдердің моделіне сүйенетін болсақ, онда мемлекет өз корпорацияларындағы менеджмент жүйесін түгелдей өзгертуі тиіс. Яғни, ел үкіметі қандай экономикаға иек артатынын анықтап алғаны жөн: Азия елдеріндегідей мемлекеттік корпорацияларға негізделген экономикаға ма, әлде инновациялық дамудағы ШОБ үлесі 70-80%-ды құрайтын батыс моделіне ме?

Үшінші мәселе – ел экономикасындағы банктердің рөлі қандай, осыны дұрыстап анықтап алу керек. Қит етсе қолдау көрсетіп, мәпелеп отырған банк саласы ел экономикасын дамытуға үлес қосу жағын неге ойламайды?! Және де тек жұмыс орындарын ашып, салық төлеу деген тұрғыда ғана емес, ауқымды да маңызды жобаларды жүзеге асыру аясында. Дәл қазір отандық банктер өздерін экономиканың нақты салаларынан аулақ ұстайтыны анық, банк секторы бұл салаларды қаржыландыруға еш құлықты емес», - дейді Досым Сәтпаев.

Айтпақшы, Еуропаның қайта құру және даму банкінің болжамдарына жүгінсек, ІЖӨ көрсеткішіне қатысты іркіліс биыл Әзірбайжанда да көрініс беруі ықтимал. Есесіне, ел экономикасын реформалауға мейлінше көңіл бөлген Грузия бойынша ЕҚДБ біршама тартымды болжам жасаған, яғни 2015 жылы грузин экономикасының ІЖӨ көрсеткіші 4,2% шамасында жоғары өрлесе керек. Еуропалық банктің пайымынша, посткеңестік аумақта ІЖӨ бойынша ең тиімді көрсеткіш биыл Түркіменстанда қалыптаспақ. ЕҚДБ бұл елдің ішкі жалпы өнімінің өсімі 9,7%-ды құрайды деп болжайды.

 

 

Рабиға Әбдікерім, Дәрия Кемер

  • Нравится

Комментарии к статье (0)

чтобы оставить комментарии.

Статьи по теме

  • Келешекке нық қадаммен

    Ел теміржолындағы реформалық өзгерістер «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамын да айналып өтпеді.

  • Кадеттер теңiзге шығуға дайын

    «Өкінішке қарай, теңіз саласына қатысты жоғары білікті мамандар жергілікті тұрғындар арасында тапшы. Әрине, жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ алып кемеде инженер болып еңбек ете алатын маман табу қиын...».

  • Болашақ бүгiннен басталады...

    Бүгінде мектептердегі кәсіби машықтандыру барысы педагогикалық үрдістің бір бөлігі болудан қалған. Өкінішке қарай, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандық не кәсіп таңдауда ерік-жігері мен мақсат-мүддесі мүлдем айқындалмаған.

  • Кiшкентай Әсемге шұғыл көмек қажет

    2015 жылдың қоңыр күзінде Екібастұзда тұратын Ахметжановтар отбасы ортаншы қыздары Әсемнің нефробластома, яғни бүйректің қатерлі ісігі дертіне шалдыққанын естіді. Тату-тәтті, бақытты отбасының өмірі дәрігерлердің диагнозынан кейін күрт өзгереді. 5 жасар Әсем шұғыл түрде Астанадағы Ұлттық Ана мен бала орталығына жатқызылып, химия терапия курсынан өте бастады...

  • Химия – «жасыл экономиканың» қозғаушы күшi

    «Жасыл экономика» жобасы аясында қазақ ғалымдары да бірегей ізденістерінің нәтижесін паш етіп, әлем елдерін тұрақты энергия көздерін басқаруды қамтамасыз ету мәселелерін бірлесе шешуге шақыруда.

  • «Тәуелсіздікті жырлаймын!»

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қазақ радиосында» «Шеврон» компаниясы мен WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты поэтикалық жоба жүзеге асырылуда.

  • Болашаққа нық сенiммен!

    Соңғы кездері жағдайы бар ата-аналар да кәсіптік білім беру мәселесіне қатысты бұрынғы көзқарастарын өзгерткен. Балалардың өздері де қандай да бір кәсіптік мамандықты игеріп, «онымен өзімді, отбасымды асырай алсам» деген оймен кәсіптік білім беру колледждеріне көптеп келіп жатыр...

  • Экономикалық iркiлiстен технологиялық өрлеуге дейiн

    Ұдайы күрделі жөндеуге тоқтатылатын ел ішіндегі мұнай өңдеу зауыттары технологиялық тұрғыдан жаңартылу аясында отандық ғалымдардың ізденістері мен пікір-ойына ара-кідік құлақ асып жатса, артық болмас еді...

  • Тарих тәжiрибенi кешiрмейдi...

    "Қазақстанда тарих пәні төңірегінде тәжірибе жүріп жатыр. Жоғарғы оқу орындарының бір бөлігі Қазақстан тарихын қысқартылған нұсқада оқуға көшті. Біз, тарихшылар мұнымен келіспейміз...".

  • Елена Никитина: Бақытты болғыңыз келе ме?

    Ана сүті бала үшін де, ана үшін де маңызды. Бұл мемлекет үшін де тиімді. Неге біз Швейцария, Германия немесе Ресейден сүт қоспасын алу үшін қаражат шығындауымыз керек?..